Бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шыққандардың қатарында ер адамның саны артты

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл 6 мыңға жуық адам декреттік демалысқа өтінім берген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл 1-тоқсанның өзінде 6 мыңға жуық адам декреттік демалысқа өтінім берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 21 пайызға көп. Бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шыққандардың қатарында ер адамдар да аз емес. Төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет атқарған Ерік Байғараев 6 айдан бері декретте. Ол – екі баланың әкесі. Ал бала күтіміне байланысты еңбек демалысын 2-сәбиі өмірге келгенде алған.

«Заң аясында қарастырылған мәселе болғандықтан, бәрі әлдеқайда жеңіл, тек қоғам мұндай декретті әлі де түсіне бермейді. Декреттік демалысқа отбасындағы жағдайды реттеу үшін шықтым. Онда тұрған ештеңе жоқ. Өзім 7 жыл қызметте болғанмын, қазір де жұмысқа барғым келеді. Бірақ ортақ бюджет, кіріс-шығыс мәселесі бар. Бұл әйеліме де үлкен көмек болды», – дейді қала тұрғыны Ерік Байғараев.

Еңбек кодексінің 99-бабына сәйкес, жүкті әйелдерге, жаңа босанғандар мен бала асырап алғандарға 3 түрлі демалыс беріледі. Ол ресми түрде 126 күнге созылады. Демек, жұмыс беруші тарапынан берілетін төлем де тек осы уақыт аралығына есептеледі.

Декреттік демалысқа қатысы мемлекет тарапынан төленетін көмектің 3 түрі бар. Олар – баланың тууына байланысты бір рет, жүктілік және босану жағдайында жұмыс істейтін әйелдерге төленетін, сондай-ақ баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша өтелетін әлеуметтік жәрдемақылар.

Ал төлемдерді есептеу қалай жүргізіледі? Мәселен, сіздің жылдық табысыңыз 2 млн 400 мың теңге. 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын шегерсек, бұл – 2 млн теңге. Тиісті коэфициент мөлшеріне көбейтіліп, зейнетақы қорыңызға аударылған сомадан қолыңызға 756 мың теңге түседі.

«Жұмыс істемейтін әйелдерге республикалық бюджеттен төленетін төлемдер бар. Ол жерде жеке қойылған әр балаға байланысты жеке тағайындалған төлемдер болады. Ол жерде өздерінің кірісінен 40 пайызы төленіп беріліп отырады», – деді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Алматыдағы бас маманы Нұрсұлу Құдайбергенова.

Мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек, декретке шығарда әлеуметтік сақтандыру қорынан да қосымша ақша алуға болады. Мәселен, соңғы 12 айдағы айлық табысыңыз 280 мыңнан кем болмаса, бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шығарда қордан 1 123 000 теңге алуға мүмкіндігіңіз болады. «Өкініштісі, осы миллиондарды алу үшін алаяқтыққа баратын аналар да кездеседі» дейді мамандар.

«Мекемелердің бәріне сұраныс хат жасаймыз. Егер сұраныс хатта олар растап берсе, біз төлейміз төлемді. Ал егер расталмаған жағдай болса, жұмыс істемеген болуы мүмкін, ондай кезде құжаттар туралы мәліметтерді құзіретті органдарға өткіземіз», – деді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Алматыдағы бас маманы Нұрсұлу Құдайбергенова.

Жалпы, баланың бір жасқа дейінгі әлеуметтік төлемі 2008 жылдан бері бар. Сондай-ақ, биыл төленетін тиісті жөргекпұлдың сомасы да біршама өскен. Бұл 1 сәуірден бастап көбейген атаулы әлеуметтік көмекпен тікелей байланысты болып отыр.

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров