Пәтері тарақанның "ордасына" айналған қария көршілерінің мазасын қашырды

Almaty.tv
Almaty.tv
90 жастағы жалғызбасты әжей үйіне сырттан қоқыс таситын көрінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қараусыз қалған жалғызбасты қарияның пәтері тарақанның ордасына айналды. 90 жастағы әжейдің көршілері осылай деп шағымданды. Айтуынша, зейнеткерді бағатын ешкімі жоқ, кесірінен тазалық көрмеген пәтерінде қандала қаптаған. Тұрғындар өз үйімізден өзіміз тұруға безіндік деп отыр. Ал, қоқыстың күлімсі иісінен тыныстау мүмкін еместігін айтады. Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.

Раиса Мовчан әжей бұл көпқабатты үйде тұрып жатқанына жылдан асқан. Көршілері қария келгелі мазамыз кетті деп отыр. Себебі 90 жастағы жалғызбасты әжей үйіне сырттан қоқыс таситын көрінеді. Бұл оның күнделік дағдысына айналған.

«Бұл кісі келгелі тарақан қаптап жүреді. Көп, өте көп. Кесірінен не өзіміз, не немерелеріміз дәретханаға шыға алмаймыз. Тап-таза үй болатын. Бұл әже келмей тұрып, тарақан тұрмақ, шыбын мен маса жоқ болатын. Балалары зейнетақсы үшін ұстап отыр мұны. Менің ойым сол», – деді қала тұрғыны Сәуле Құлахметова.

Жалғызбасты зейнеткерге медициналық көмек қажет болар деген оймен жедел-жәрдем қызметін шақырдық. Келген медбикелер болса үйіне қажетсіз дүниелерді жинай беруін «плюшкин» синдромымен байланыстырып отыр. Яғни, бұл адамның психикалық ауытқуынан пайда болады екен.

Тұрғындардың ашуын тудырған жалғыз басты қарияның пәтері осы. Мұнда еркін тыныстау мүмкін емес. Тіпті, қабат-қабат бетперде таққанның өзінде иіс қолқаны қабады.

Ал, туған қызы осы үйге жақын жерде тұрса керек, немересін алып ол да жетті. Айтуынша, анасын қарттар үйіне өткізгісі келмейді. Тек ыңғайлы болсын деп, өз алдына пәтер алып, бөлек шығардық деп отыр.

«Анамның психикалық ауруы бар екені рас. Үйіне келіп заттарын жинап беріп кетсем, ертесіне күніне бәрін шашып тастайды. Бастапқыда сені бөлек шығарамыз, бізден бөлек тұрасың дегенде қуанған болатын. Мен арасында келіп жағдайын сұрап тұрамын», – деді әжейдің қызы Людмила Караваева.

Жалғызбасты қария тұрғылықты мекенжайы бойынша Әуезов ауданында тіркелген. Қажетті әлеуметтік көмектері мен зейнетақсын да уақытылы алып отыр екен.

«Аудан әкімдігі тарапынан күш құрылымдарын жұмылдыратын боламыз. Арнайы қызметкерлерді жіберіп, үйін қоқыстан тазартуға көмектемесіз. Одан бөлек, осы кіреберіске дезинфекция жасалатын болады. Мамандар жіберіп, пәтер залалсыздандырылады. Қазір тұрғындармен келісіп бір уақытты белгілейміз», – деді Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Азат Какетаев.

Тұрғындардың айтуынша, кейуана 40 жылдан астам медицина саласында қызмет еткен. Соцалистік еңбек ері деген құрметті атағы да бар екен.

Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров