Елімізде жалпыға бірдей декларацияны тапсыру мерзімі қағаз жүзінде 15 шілдеде аяқталады. Ал электронды нұсқасы 15 қыркүйекке дейін қабылданады. Биыл Алматы қаласы бойынша 37 мыңнан аса декларация қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпыға бірдей декларациялау 4 кезеңнен тұрады:
1. Мемлекеттік қызметкерлер, лауазымды тұлғалар және олардың жұбайлары;
2. Квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері;
3. Заңды тұлғалардың құрылтайшылары, басшылары және жеке кәсіпкерлер;
4. Декларация халықтың қалған санаттарымен ұсынылады.
«Азаматтарға декларацияларды тапсыруды ыңғайлы ету мақсатында мемлекеттік кірістер комитеті е-salyq азамат қосымшасын жасап шығарды.Осы е-salyq қосымшасы арқылы ұялы телефонмен декларацияны тапсыруға болады. Былтыр мемлекеттік қызметкерлер 250 нысанды тапсырса, биылдан бастап 270 нысан декларация тапсырады», – деді Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаев.
Сондай-ақ сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, жалпыға бірдей декларация салықтан жалтарып һәм табысын жасырып жүргендерді анықтауға мүмкіндік береді.
«Негізі халық әрбір тауып жатқан табысы жөнінен есеп беру қажет деген. Бұл не үшін қажет? Халықтың табысын қандай дәрежеде екенін анықтау үшін керек. Сондықтан да мен ойлаймын халықтың басым көпшілігіне оның кері әсері болмайды. Бұл жерде табысын жасырып жүрген 10 пайыз деңгейіндегі адамдар бар», – деді экономист Мақсат Халық.
Қандай жолмен табыс тапсаңыз да, бәрін декларацияда жазуға міндеттісіз. Ал кейбірін жасырып қалған болсаңыз, басыңыз дауға қалады. Декларацияда көрсетілгеннен артық табысыңыз болғаны анықталса, оның 10 пайызынан салық төлейсіз. Оны тапсыру мерзімін бұзсаңыз 45 мың теңге айыппұл арқалайсыз.
Қасымхан Талғатұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телернасы