Алматыда суға түсу маусымы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Республикалық жедел құтқару жасақтары су тоғандарындағы жұмысын бір ай бұрын бастап та кеткен. Мамандардың есебінше, мегаполис бойынша өткен жылы 4 адам суға батып, көз жұмды.
Күн ысыса болды су жағасынан жанына сая іздейтіндер көбейеді. Сәйкесінше, осы уақытта төтеншеліктер мен жедел құтқару қызметінің де жұмысы еселенетіні белгілі. Қауіпсіздік үшін қаладағы барлық су тоғанының жанынан осындай шатырлар орнатылған. Құтқарушылар мұнда кезекпен 24 сағат жұмыс істейді. Мамандар маторлы қайық, құтқару желеттерімен және арнайы баллондармен қамтылған.
Мамандар суға түсуге тыйым салынған аймақта үнемі рейдтік жұмыстар жүргізіп отырады. Бәрінен бұрын суға түсу алдында спирттік сусын ішу аса қауіпті екенін ескертеді. Өткен жылы осындай 34 жағдай анықталған. Сондай-ақ 7 құқық-бұзушылық тіркеліп, тұрғындарға айыппұл салыныпты.
Мамандардың айтуынша, күндіз ауа температурасы +30 болғанымен, түн салқын. Түнде тоңазыған су тоғандар күндіз жылып үлгермейді. Салқын суға түскен адамның жүрегі тоқтап, бірден өліп кетуі мүмкін. Сондықтан, суға түсу маусымы ашылса да, барынша қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн.
Рұқсат етілмеген аймақтарға суға түскендерге алдымен ескерту жасалады. Мамандар айтқан кеңеске құлақ түрмегендер айыппұл арқалайды дейді.
«Алматыда 44 су тоғаны бар. Қала әкімінің қаулысымен олардың төртеуіне шомылуға рұқсат берілген. Олар: Сайран өзені, Жетісудағы «Гүлдер» демалыс орны және Түрксібтегі су тоғаны», – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Әнуар Жүсіпов.
Мамандардың есебінше, мегаполис бойынша өткен жылы 4 адам суға кетіп, көз жұмған. Қайғылы жағдайдың алдын-алу үшін төтеншеліктер үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Арнайы жаднама таратып, тексереді.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы