Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Алаш ардақтысы Әлихан Бөйкейханның аты беріледі. Тәуелсіздік алған жылдан бері көтерілген мәселе жақында шешімін тапты. Қоғамдық тыңдалымға 600-ден астам адам қатысып, шаһардағы ең ірі ауданның ел азаттығы үшін күрескен қайраткердің есімімен аталуын бірауыздан қолдаған. Ауданға арнайы барған Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Бұл халық арасында «Майқұдық» деп аталып кеткен Қарағанды қаласының бір бөлігі. Әлемге танымал боксшы Геннадий Головкиннің туып, өскен жері. Бүгінде мұнда 255 мыңнан астам адам тұрады екен. 1938 жылы құрылып, Октябрь деп аталып келген аудан бұдан былай Алаш арыстарының бірі, азаттық үшін жанын құрбан еткен Әлихан Бөкейханның атымен аталатын болады.
Қоғам қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1992 жылы туғанына 125 жыл толуына орай кіндік қаны тамған жерінде ұйымдастырылған конференцияда алаштанушы ғалымдар ел үшін еңбек еткен ердің есімімен қандай да бір ауданды атауға ұсыныс жасаған еді.
«Сол кезде Қазақстанда 17 облыс болатын, сол 17 облыстың ішінде 3 бірдей Алаш қайраткері туған тек Қарағанды облысы ғана болатын. Сондықтан да Қарағанды облысын Алаш орталығы деп есептеу керек, сөйтіп Алаш көсемдерінің атын беру керек, оның ішінде Әлиханның атын беру керек деп көтерген болатын. Тіпті, халық қол жинап, ақтоғайлықтар бастамашыл болып, 1500-ға тарта адамның қолын қойғызып, Қарағанды облыстық мәслихатына жіберген болатынбыз», – деді әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан.
Содан бері мәселе күнтәртібінен түскен емес. Әлихан Нұрмұхамедұлының ғұмыры мен мұрасын зерттеуші, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан ауданға арыстың атын беру тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы айтулы оқиға болды дейді.
«Таң атпайын десе де, күн қоймайды еркіне» дегендей, заман, болашақ, біздің тәуелсіздігіміз Алаш арыстарын ақтап, олардың тұғырын биікке көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Тарихтың беті тозаңнан тазарып, аршылып, тұлғалар айқындалып келе жатыр», – деді әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан.
Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов 2000 жылы да аудан атын өзгертуге талпынғандарын айтады. Алайда бір ауданға Қазыбек бидің аты беріліп, сол бойы Октябрь ауданы өзгертілмей қалған.
«Сол кезде қазіргідей заңда тәртіп болған жоқ. Ашық, жария тыңдау қоғамда өткізу. Ол тек сессияда қабылдау керек болатын. Бірақ сол кезде сессияға дайындық, сессияның алдындағы тұрақты комиссиялардың отырысында өте қиын болды. Өйткені ол кезде партия, Кеңес Үкіметінде өскен, қызмет жасаған кісілер көп болды да солар келіп, сенсеңіз, менің жағамнан алып, таяқпен тірегендер болды», – деді қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов. алпы соңғы жеті жылдың ішінде Қарағанды облысында 7000-ден аса көше, 22 елдімекен атауы өгерген.
Жалпы соңғы жеті жылдың ішінде Қарағанды облысында 7000-ден аса көше, 22 елдімекен атауы өгерген.
«Былтырдан алып қарайтын болсақ, 80-ге жуық көшелеріміз, 22 мекеме, 1 елдімекен атауы өзгертілді. Оның ішінде атап өтсек, Қарағанды қаласында былтыр Абай, Қасым бастаған ұлы тұлғалардың есімі төрледі... Теміртау, Балқаш қаласындағы негізгі көшелеріміздің атауы өзгертіліп жатыр», – деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Әсет Аманжолов.
Ал, Октябрь ауданы ресми түрде Әлихан Бөкейханның атымен аталу үшін ендігі кезекте қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып, ономастикалық комиссияның отырысында қолдау табуы тиіс.
Асылбек Тойбек