|
10.11.2020 | 22:00
1010

Алматыда алимент төлеушілердің қарызы 420 млн теңгеден асқан

Қалалық прокуратура алиментін төлей алмай жүрген азаматтарды жұмысқа орналастыру жұмысын жүргізіп жатыр

Алматыда алимент төлеушілердің қарызы 420 млн теңгеден асқан көрнекі сурет

Алматылық алимент төлеушілердің 420 миллион теңгеден астам қарызы бар. Мұндай төлемдерді қазір қалада 10 мыңнан астам азамат өтеуі керек. Қалалық прокуратураның мәліметінше, соның ішіндегі 500-ге жуығынан алимент өндіріп алу қиындық туғызып отыр. Осы орайда мамандар кәсіпкерлермен бірлесе отырып алименті бар жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамтуды жалғастырып жатыр. Толығырақ Almaty.tv  тілшісі тарқатады.

Кәмелетке толмаған тұлғалардың құқығын қорғау мақсатында қалалық прокуратура алиментін төлей алмай жүрген азаматтарды жұмысқа орналастыру жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгін заң департаментінің қызметкерлері мен жеке сот орындаушылар кәсіпкерлермен бірлесіп 20 шақты адамды жұмыспен қамту акциясын өткізді. Борышкерлерге қала маңындағы бетон түрлерін өндіретін зауыттағы бос орындар ұсынылды.

«Қазір зауыттағы орташа айлық көлемі 150 мың теңгеден басталады. Жұмысшыларға бар жағдай жасалған. Біз күндізгі және түнгі ауысымда жұмыс істейміз. Қызметкердің барлығы тегін тамақпен қамтылады. Жұмыстан үйге көлікпен тасымалдау, толықтай әлеуметтік пакеттер қарастырылған», – деді компания президенті Дінмұхамед Кузиев.

Бұл зауытта соңғы жарты жылдан бері 50-ге жуық кадр тапшы. Оның ішінде 30-ы қарапайым жұмысшы, яғни қалыпқа бетон құюшы, 20 арнайы білімі бар – механик, инженер, энергетик, зертхана қызметкерлері, контролер сияқты мамандар қажет.

«Жаңа айтып жатыр ғой, ешқандай мамандық игермесең де, бастауға болады деп айтып жатыр. Ең бастысы ниеті адамның. Өзім енді жұмыс істеуге дайынмын. Бала-шағамды қарау керек, асырау керек. Әйтпесе мен жұмыстан ештеңеден қашпаймын. Өйткені мен өзім осындай ұжымда істегенмін, білемін», – деді алимент төлеуші Жеңіс Көрпетаев.

Жұмысқа алынған азаматтарға алдымен арнайы оқытылып, станоктарда қалай жұмыс істеу керектігі үйретіледі. Үш айдан кейін емтихан тапсырады. Осындай процедуралардан өткен қызметкерге әрі қарай жақсы мүмкіндіктер ашылмақ.

«Қазіргі таңда 10 мыңнан астам алимент өндіруге қатысты атқару өндірісі жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 420 миллионнан астам қарыз бар. Бірақ осы 10 мыңнан астамның ішінде өзі төлеп жатқандар бар, жалақысынан ұсталып жатқандар бар. Негізгі қиындық туындататын ол 500-ге жуық атқару өндірісі», – деді қалалық прокуратураның басқарма прокуроры Айдын Ғазез.

Жалпы елімізде алимент төлемейтін адамдарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жыл басынан бері Алматыда 3 тұлға қылмыстық, ал 40-қа жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир