|
24.08.2021 | 21:34
1937

Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 90 жыл: Алматыда республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

Бүгін ғалымның 90 жылдығына орай конференция ұйымдастырылып, жиында қайраткердің сан қыры талқыланды

«Қазақ халқының өзіне тән дүниелері істен шығып қалып отыр. Оларға солай қарайтын болсақ келешекте тарихи-мәдени мұраның қалғанынан да айырылып қалуымыз мүмкін». Бұл ұлт жанашыры, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ел болашағын ойлағанда айтқан сөзі еді. Осы ойдың үдесінен шығу үшін этнограф-ғалым бүкіл саналы ғұмырын елге қызмет етуге сарп етті. Өресі биік, тұлғасы таудай ғалымның 90 жылдығына орай бүгін Алматыда республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жартылай онлайн, жартылай оффлайн форматта болған жиынға еліміздің белді академиктері мен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қазақ даласындағы тұғыры биік бүгінде. Бірақ сан ғасыр қабырғасы қақырап, зеңбірекпен атылған оқтардан қирап қалған кесененің киелі қалпын күллі түркі жұртына қайтарып берген бірден бір тұлға Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Өзаға жоғалған жәдігерді қалпына келтіруді 1974 жылы қолға алып, бұл істі сәтті аяқтады. Тайқазанның да Эрмитаждан алынып, кесене төріне қойылуы да ғалымның қамшылауымен біткен еді.

«Сол жылы ол жерге шеберхана ашылды. Кірпішін дайындайтын, майоликалық, керамикалық қыштар дайындайтын ұсталар жиналды. Сол жұмыс содан көп жыл жалғасып, оның ішіне қойынған тастарды ретке келтіру, аты-жөндерін анықтау, археолог, ғалымдардың көмегімен ішіне жерленгендердің атын, тарихын анықтау сондай жұмыстардың бәрінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз болды», – деді Ө. Жәнібековтің шәкірті, «Реставраторлар одағы» қоғамдық қорының президенті Қанат Тұяқбаев.

Наурыз мейрамының да құлаш жая тойлана бастауына қайраткердің қосқан еңбегі зор. Тыйым салынып келген мереке 1988 жылы қайта жаңғырған еді. Бұдан бөлек қазақи қанды, ұлтжанды азамат репрессия жылдарында солақай саясаттың құрбаны болған зиялы қауымды ақтау жұмыстарына да белсене араласты.

«Оның қызмет еткен тұсында жазықсыз оққа ұшқан Байтұрсынов пен Дулатовтан бастап барлық алаш ұланы ақталды. Таутұлғалардың шығармашылығы қайта жанданып, том-том еңбектері жарық көрді. Өзбекәлі Жәнібеков әр іске терең үңілетін мықты ұйымдастырушы, ұлтын сүйген мемлекет қайраткері болды», – деді ҚР ҰҒА академигі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Серік Сейдуманов.

Өзағаңның тапсырмасымен елдің әр облысында тарихи экспедициялар ұйымдастырылды. Көзкөргендер «ол әр өңір басшысына хабарласып, экспедиция мүшелерін азық-түлік, керек-жарақпен қамтуын» ескертіп отыратын дейді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 25 мыңдай ескерткіш анықталған. Нағыз қазақ тарихына қатысты 11 мыңнан астам ескерткіш мәдени мұра болып қалып отыр.

«Аспаптардың колекциясын жасады.  Соның нәтижесінде белгілі, дарынды музыканттар халықаралық фестивальдарда, жарыстарда белгілі болып жүрді», – деді еңбек ардагері, ҚР Мемлекеттік қызмет саласының үздігі Базарбай Алтаев.

Ол Мәдениет министрі болып тұрған кезде елде небәрі 39 музей болса керек. Кейіннен оның саны 70-ке жетіп, филиалдарымен қосқанда 100-ден асқан. Бүгін ғалымның 90 жылдығына орай конференция ұйымдастырылып, жиында қайраткердің сан қыры талқыланды. Шарада оның құрметіне көше атау, ескерткіш ашу мен кітап басып, фильм түсіру туралы ұсыныс айтылды.

Назкен Еркін, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир