|
06.07.2020 | 21:38
2821

«Мидай қоян жортқан жазық дала»: Экс-сенатор Нұр-Сұлтан қаласының қалай алып шаһарға айналғанын айтты

Еліміздің бас қаласы Алматыдан Ақмолаға қоныс аударғалы ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті

«Мидай қоян жортқан жазық дала»: Экс-сенатор Нұр-Сұлтан қаласының қалай алып шаһарға айналғанын айтты Фото: livejournal.com

Еліміздің бас қаласы Алматыдан Ақмолаға қоныс аударғалы ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Кезінде бұл шешімді қолдамай, өткір сын айтқандар аз болған жоқ. Тақыр далада, әлемді таң қалдыратын заманауи шаhар бой көтереді деп кім ойлады? Бүгін, әрине, Елбасының бұл қадамын көрегендік деп айтатындар көп. Бірақ қиын-қыстау жылдары мұндай батыл шешімнің  қабылдануына шын мәнінде қандай себептер түрткі болды? Осы сауалға жауап алу үшін, астаналық әріптестеріміз белгілі мемлекет қайраткері Әділ Ахметовпен кездескен еді. Толығырақ  Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.

Астананы ауыстырудың астарында ұлт мүддесі тұрды. Нарықтық экономикаға көше бастаған тұста Ақмоланы бас қала ету оңай шешім болмағаны белгілі. Сол себепті елдің жарқын болашағы үшін қабылдаған Тұңғыш Президенттің бұл шешімін қолдағандар аз болды. Алайда осы жобаның стратегиялық маңызы зор еді, дейді экс-сенатор Әділ Ахметов.

«Ең негізгі себеп – сол кездерде бұл Кеңес Одағының тірі кезінде, комммунистік партияның бас хатшысы болған Михаил Горбачев, сол азамат сол кездегі Ресейдің ең белгілі, әйгілі жазушысы, бір кездері Америкаға кетіп қалған десидент болып, қайтып келген, соның аузына «Қазақстан – Ресейдің бауыр еті» деген сөзді салды. Сондықтан біз бұған рахмет айтуымыз керек. Алматыдан осы жаққа астананың ауысуы... Бұдан біз не ұттық, не ұтылдық деген мәселе болады ғой. Анау ең басындағы скептиктер өзінің пікірінен қайтты. Өйткені саяси шешім дұрыс болды», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов.

Бар ғұмырын елді өркендету ісіне арнаған Әділ Ахметов ел астанасы ауысқан кезде білім комитетіне басшылыққа келеді. Сол уақытта Есілдің бойындағы кішкентай қала еді деп еске алады. Мидай қоян жортқан жазық далада зәулім ғимараттар бой көтере бастады.  Қаладағы бір-біріне ұқсамайтын нысандарды салу үшін әлемнің «Сен тұр, мен атайын» деген ең мықты архитекторларының жобалары жүзеге асырылды. Қазір тотыдай таранған, көркіне көз тоймас шаһарға айналғанын айтады. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы тоғыз жолдың торабындағы –  экономикалық, мәдени, ғылыми орталық.  

«Қазір мүлдем жаңа қалаға айналып кетті. Енді біз бірден айтуымыз керек. Қала жайдан-жай салына салған жоқ. 19 елдің архитекторлары қатысты. Соның ішінде конкурс жарияланды. Еуропа, Азия, Австралияның бәрін қосқанда 19 елдің архитекторлары өздерінің материалдарымен, ұсыныстарымен, жобаларымен жарысты.  Соның ішінде ең мықты жоба ретінде әлемнің архитекторларының ішіндегі оқ бойы озық тұрған Кисе Куракова дейтін ғажап архитекордың жобасы қабылданды. Осы қаланың бас жобасын жасап берген Кисе Курокава», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов.

Дегенмен экс-сентор көрікті қала Алматының өмірінде алар орны ерекше дейді. Өйткені 40 жылдан астам ғұмырын Алатаудың баурайындағы әсем шаһарда өткізді. Алматыда білім алып, көрнекті ғалым ретінде қалыптасты. Шаңырағын көтеріп, балалы-шағалы болды. Белгілі тұлға ретінде қанатын қомдап, биікке самғатқан Алматы екенін де жасырмайды.

«Әрине, Алматыны мен жақсы көрем. Әсем қала ғой. Алатауы неге тұрады?! Қолың босаған кезде тиіп тұрған Медеуге, Шымбұлаққа көтерілген сайын бір жасап қаласың... Мәдени ошақтары дамыған, білім, ғылым ошақтары дамыған, медициналық ошақтары дамыған, 10 шақты театры бар мысал үшін. Солай емес пе? Сондықтан бұл екі қала – Қазақстанның экономикасын, ғылымын, білімін  алға сүйрейтін локомотив қалалар», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов.

Асқар тауға қарап өскен Әділ аға Алматыға деген сағыныш қашанда жүрегімізде атойлап тұрады дейді.  Өсіп-өнген өлкеге бара қалғанда...

Әділ Ахметов, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Мен бара қалғанда өзім 40 жыл жұмыс істеген, өзім ректор болған, студент болып бастап, ректор болып аяқтаған Әлем тілдері университеті бар ғой, соған соқпай кетпеймін.  Сонда біз зайыбымыз екеуміз 40 жыл жұмыс істедім.  Бірге бітіргенбіз, бірге оқығанбыз.  Тауға барамын. Медеуге, Шымбұлаққа көтерілемін міндетті түрде.

– Тауды аңсаған жоқсыз ба мына жаққа келгенде.

– Әлі де аңсаймын. Өйткені мен Хантәңірдің етегінде туған азаматпын. Тауда өскенмін.

Тау баласынан тау тұлғаға айналған Әділ Ахметов Алматы еліміздің экономикалық тірегі, ал бас қала – Нұр-Сұлтан жүрегі һәм келбеті болып қала береді дейді. Әлемнің 100 елінде болса да, Алматының тауы мен бауына, астананың аспаны мен ауасына жететін жер жоғын айтады. Жас ұрпақ туған жердің қадірін жете түсінсе деген тілегі бар.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир