Алатау ауданындағы мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған іс-шара өтті. Ұлттық өнеріміздің ұлылығын паш еткен концерт «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық акциясының аясында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шараның мақсаты – балаларға күлкі сыйлау, олардың ерекше тұлға екеніне сенім білдіру, дейді музей қызметкерлері.
«Осы орталықта үнемі мүмкіндігі шектеулі жандармен іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз. Оларға аз болса да, көңіліне қуаныш сыйлауды мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі іс-шараның куәсі болып отырғандарыңыз осы», – деді мультимедиалық музыка орталығының жетекшісі Роза Қаженова.
Орталыққа келген қонақтар қазақ даласындағы музыка өнерімен, ән-күйдің тарихымен танысып, бір серпіліп қайтты. Концерттік бағдарламаға карантиндік шектеулерге байланысты 20 жасөспірім ғана қатысты. Заманға сай жабдықталған музыка орталығы балалар мен жасөспірімдерге, қала тұрғындарына арнап ай сайын танымдық экскурсиялар мен тегін концерттер өткізіп келеді.
«Бүгін балам қазақ халқының аспаптарын көруге, оның орындауындағы күйлерді көруге келіп тұр. Өте қуаныштымын. Бұл орталыққа рахметімді айтамын ата-ана ретінде», – деді ата-ана Жанат Жұмабекқызы.