Алматыда жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін 20-дан астам нүкте анықталды. Олардың қатарында, бетоннан құйылған биік қоршау, сауда орталығының кіреберісі, тіпті жер үй де бар. Халықтың жүруіне арналған жолды басып алғандарға қандай шара қолданады? Бұл мәселені Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан зерделеп көрген болатын.
Алматының «Тастақ-1» ықшамауданындағы Златоустовская көшесі бойында тұрған жер үйдің бір бөлігі тура жол үстіне шығып кеткен. Өзінің қара басын ғана ойлаған нысан иесінің кесірінен мұнда жаяу жүргіншілермен қоса көліктер де өте алмай қиналады.
Тар көшені жауып тастаған нысанның кесірінен тұрғындар тіпті, жедел-жәрдем мен өрт сөндіру көлігі үйлеріне дәл мекен-жай бойынша келе алмайды деп шағымданады. Дәрігерлер шақырсақ әбден әбігерге түсеміз дейді.
«Адам жүргенге де, көлік жүргенге де ыңғайсыз. Өте алмайсың. Көлік түгілі адамның өзі әрең өтеді», - дейді ашынған тұрғындар.
Жаяу жүргіншілерге тосқауыл қойған нысандардың басым көпшілігі Әуезов ауданында орналасқан. Мәселен, Ұлықбек көшесінде халыққа кедергі келтірген қос бірдей орын бар. Оның бірі – сауда орталығы алдындағы кіреберіс. Ал, екіншісі – ұзындығы 3 метр болатын темір қоршау. Қазір жолды бітеген 6 орынның иесімен келіссөздер жүріп жатыр. Белгілі болғандай, оның бесеуі бойынша мәселе апта соңына дейін шешілсе, ал жолды жапқан бір дүңгіршектің жағдайын реттеуге әлі 30 күн уақыт қажет екен.
«Бәрін заңсыз деп айтуға болмайды. Үшеуі заңсыз, екеуі заң бойынша өздеріне тиісті нысанда орналастырған. Қазір оларға басқа нысан беру мәселесін шешіп жатырмыз. Яғни, жалға беру уақытын қысқартып, өтемақысын төлеуді шештік. Өзге нысандар бойынша да келіссөздер жүріп, тұрғындар қолданысындағы жолдарды босату жұмыстары жүріп жатыр», - дейді Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан ОРАЗАЛИН.
Ал бір апта бұрын Медеу ауданына қарасты көшелердің біріне жергілікті кәсіпкер ағаштан жасалған дүңгіршек қойып қойған болатын. Бұл жаяу жүргіншілер үшін айтарлықтай кедергісін тигізді. Дегенмен, түсіндірме жұмысынан кейін нысанның иесі бірден келісімге келіпті. Ал, жалпы жыл басынан бері Медеу ауданында 15-ке жуық заңсыз дүңгіршектің көзі жойылған.
Алматы әкімдігі жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізуді бастағанда халыққа кедергі келтірген 20-дан астам нысанды анықтапты. Енді жаяу жүргіншілерге ыңғайсыздық туғызған нысандардың мәселесі май шаммен қаралып, заң аясында шешімін табады. Жалпыға ортақ көшені заңсыз басып алғандармен келіссөздер жүргізіледі. Мамандар олармен сот арқылы күреспек.
«Қоғамдық кеңістік дегеніміз – жалпы халық ортақ қолданатын жер. Олар бір ғана адамның иелігінде болмауы керек. Яғни, біреудің бас пайдасы үшін өзгелер зардап шекпеуі тиіс. Мәселен, кәсіпорындар, ғимарат иелері басып алатын жолдардың жайы архитектура заңы бойынша қарастырылады. Алматы әкімдігі орташа жол жөндеу жұмыстарына дайындық кезінде нысандарды аралаған еді. Сол кезде бірнеше олқылықтарды көзіміз шалды», - дейді Алматы қаласы Алмалы аудандық қалалық жоспарлау және урбанистика бөлімінің басшысы Бақыт РЫМЖАНОВ.
Енді кеткен кемшіліктер кезең-кезеңмен ретке келмек. Әзірге кедергілердің нақты қашан алынатыны белгісіз.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы