Қаладағы кез келген демалыс орындарында, мемлекеттік мекемелер және тағы басқа жерлерде мүгедек азаматтардың жүріп-тұруына жағдай жасалуы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жарым жандардың мүмкіндігі өзгелермен тең болуы шарт. Бүгін Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Айдынжан Нарматов онлайн брифинг өткізді. Онда әлеуметтік қорғау туралы заңнамаға сәйкес келмейтін нысандарға қандай шара қолданылатыны айтылды.
«Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігі болмаған жағдайда лауазымды адамдарға 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», – деді қалалық Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Айдынжан Нарматов.
Сонымен қатар, Айдынжан Нарматовтың сөзінше, департамент қалада адам көп жиналатын нысандарда апта сайын мүгедектерге бейімділігі бойынша мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері шағын және микро кәсіпорындардың иелеріне қатысты ереже бұзушылықты жою үшін 146 ұсынысхат жіберілген.