|
23.05.2022 | 21:48
8477

Алматы облысында ақсақалдар ұлттық спортқа бөлінген жер телімі сатылып кеткеніне наразы

Қарасай ауданы Береке ауылында ұйымдыстырылған додаға 100-ге жуық көкпаршы қатысты

Алматы облысында ақсақалдар ұлттық спортқа бөлінген жер телімі сатылып кеткеніне наразы Almaty.tv

Көкпар тартып жүрген жалғыз алаңымыздан айырылып қалдық. Алматы облысындағы Береке ауылының ақсақалдары ұлттық спортқа деп бөлінген жер телімі сатылып кеткенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәстүрлі ойынға қиянат жасалмаса деген ауылдағы ағайын, атқамінерлер алаңды алып қалудың амалын ойласа дейді.

Әбдіжаппар Көшербаев – Береке ауылында туып, өсіп-өнген ел ағасы. Жастайынан ат құлағында ойнаған ақсақал көкпар ұйымдастырудың жөн-жосығын жақсы біледі. Оның айтуынша, ауыл-аймақ дамып, жол асфальтталып, әрі-бері жүретін көлік пен адам көбейген соң көкпар тарту бүгінде қиындаған. Бұрынғыдай ауыл арасында еркін тартылмайды. Сондықтан ауылдан тысқары жердегі жалғыз алаңға ұйымдастырамыз дейді.

«Қазір осы тұрған жеріміз ауылдың әкімінің рұқсатымен шешім қабылдап, көкпарға алып берген еді. Кейіннен аяқ астынан белгісіз біреулер мына жерді сатып жіберіп, айырылып қалдық. Қазір сатып алған адам бөліп-бөліп туған-туыстарына беріпті», – деді Береке ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдіжаппар Көшербаев.

Көкейде «алаң иесі келіп қашан қуып жібереді екен» деген күдік болса да, жерді амалсыздан пайдалануға тура келеді, - дейді тұрғын. Өйткені 10 шақты ауылдың шабандоздарына осы бір алаң ғана тиесілі екен. Ал Қарасай ауданының өзге ауылдарындағы стадиондар алыс деп отыр.

«Осы жерді алған кезде төбенің үстінен отыратын орындар жасап, гүл егеміз бе деген ой болған. Жерді біреу алып алғаннан кейін, қалды. Қазір осындай ойын ұйымдастырып жатырмыз», – деді Береке ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әбдіжаппар Көшербаев.

Наурызды тойлауға арналып ұйымдастырылған бұл көкпардың өтуі заңды. Жергілікті әкімдіктен бір ай бұрын рұқсат алыпты. Тәртіпті бақылау үшін полиция мен медицина қызметкерлері тартылған.

Негізі көкпарды көктемде, күзде жиі ұйымдастырады. Қазір көкпар топтық және жаппай деп 2-ге бөлінеді.  Қарасай ауданындағы Береке ауылында ұйымдыстырылған  додаға 100-ге жуық көкпаршы келіпті. Жалпы ұлттық спорттың бұл түріне қызығатындардың саны көп. Ұлттық ойынның келешегіне алаңдайтын ақсақалдар жерді сақтап қалу туралы ауданға да, облысқа да шығып көмек сұраған. Бұл мәселеден округ әкімі де хабардар.

«Нақты қашан жекеменшікке өтіп кеткенін айта алмаймын. Бірақ қазіргі таңда жерді қайта сатып алуға кірістік. Көкпар алаңы ретінде рәсімдеуге жұмыс істеймін», – деді Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов.

Жерді ел игілігіне қайтаруға әрекет жасап жатырмыз деген әкімдіктегілер алаңды кімдер сатып алғанын айта алмады. Белгілі болғаны ауылдағы көкпар алаңы осыдан он жыл бұрын сатылған.  

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир