Алматы облысында Шекара академиясының курсанттары әскери оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Мұнда болашақ шекарашылар диверсиялық барлау тобын ұйымдастырып шабуыл жасау, арнайы техникалармен ашық ұрысқа араласу сияқты дайындықтарын пысықтады. Ендеше, бас аяғы 300-ге жуық әскери қызметкер қатысқан шара қандай деңгейде өтті? Almaty.tv тілшісі өрбітсін.
Қараой елді мекені таңғы 9-дан бастап әскер қаптаған нағыз майданға айналды. 1 ай бойы дайындықтан өткен курсанттар соңғы күні барын салып, 3 кезеңнен тұратын соғыс тәсілдерін көрсетті. Әуелі, атты әскер мен арнайы кинологтар көтеріліс жасау үшін шекараны бұзып өткен қарусыз бүлікшілерге қарсы түрлі соғыс тактикасын қолданып, оларды тоқтату жолдарын көрсетті.
Ал, келесі кезеңде жағдай одан сайын күрделене түсті. Себебі бұл жолы шекара аумағына қаруланған қылмыстық топ басып кіріп, оқ жаудыра бастайды.
Қазір атыс айлағында оқу-жаттығу жиынының екінші кезеңі жүріп жатыр. Мұнда БТР секілді әскери техникалар мен сарбаздар өз әлеуетін сынап, шекараны заңсыз басып кірген ұйымға қарсы ұрыс жүргізуде.
«Жалпы курсанттардың 4 жыл бойы алған теориялық білімдерін осы тәжірибемен ұштастырып, бекіту мақсатында өтізіледі. Тапсырма 4 тәулікке созылған. Бүгін көрсетілген соңғы жаттығуымыз. Осымен аяқталады», – деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара академиясы бірінші арнайы кафедрасының басшысы Ардақ Жұмашов.
Полигонға 300-ге жуық әскери қызметкер мен 40-тан астам техника және 2 тік ұшақ жұмылдырылған. Кейін оқу-жаттығу жиыны аяқталған соң осы уақытқа дейін көзге түскен курсанттар мен әскери қызметкерлерге арнайы дипломдар табысталды. Ал, болашақ шекарашылар болса ендігі мақсатымыз басқа дейді.
«Өзіміздің тағайындалған лауазымымызға байланысты еліміздің ұлттық қауіпсіздігін және оның шекарасын қамтамасыз ету. Ол біз сияқты курсанттардың және офицерлердің мойнында деп білем», – деді курсант Нұрислам Көшербай.
Әскери қызметкерлер жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын жаттығу жиыны келесі жылы да жалғасын табатынын айтады. Одан бөлек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары да осындай жиындарды Шекара академиясының курсанттарымен алдағы уақытта бірігіп өткізуді жоспарлап отыр.
Осылайша әскери білім мен тәжірибені игеріп шыққан курсанттар жақын арада еліміздің әр өңіріне барып өз қызметтеріне кіріседі.
Мерей Қанапиянов, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы