Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созатын «Жүректен жүрекке» акциясы бүгін де қала тұрғындарына қуаныш сыйлап, кезекті жұмысын бастады. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға арналған іс-шараны Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырып отыр. Аталған акция аясында қандай көмек көрсетіледі? Игі іске қол ұшын созғандар кімдер? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Сағындық Тәжімұратов – көпбалалы әке. 1,5 жыл бұрын жол апатына түсіп, арбаға таңылған. Содан бері жұмыссыз. Отағасының күтімімен жұбайы да үй шаруасында. «Әкімдік тарапынан бір жылда бірнеше рет көрсетілетін көмек- жоғымызға титтей де болса, жамау», дейді кейіпкеріміз.
«Көп көмегі тиіп жатыр, алғысымды айтам. Солардың көмегімен. Бір жарым жыл болды осындай күйде жатқаныма, әйелім жанымда қарап отыр. Әйелім де сол бір жарым жыл болды жұмыссыз қалды, маған қарап отыр балаларым бар қасымда, бәрі жақсы. Осы әкімдіктің арқасында, құдайға шүкір, көп-көп көмегі тиіп жатыр, көп алғысымды айтам. Рақмет бәріне», – деді қала тұрғыны Сағындық Тәжімұратов.
«Жүректен жүрекке» акциясы биыл екінші жыл жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында әлеуметтік қолдауды қажет ететін қала тұрғындарына азық-түлік, киім, тұрмыстық техника алып беріп, қуаныш сыйлаған. Негізгі ұйымдастырушысы- қалалық әкімдік деп саналатын қозғалысқа меценаттар мен бизнесмендер де атсалысып жатыр.
«Жыл басынан бері 500 мыңнан аса отбасыға түрлі дәрежеде көмек көрсеттік. Осы іске жұмыла кірісіп, қолдан келгенін аямаған азаматтарға алғыс айтамыз. Меценат-бизнесмендерден бөлек, халықтың өзі де титтей де болса үлес қосып жатыр», – деді қалалық әл-ауқат басқармасының бөлім басшысы Рахилям Махпирова.
«Игі істер марафонының» аясында республика көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралар да аз емес. Күні кеше Қостанайда аталған жобаны іске асыруға арналған баспасөз брифингі өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының мәлімдеуінше, жыл басынан бері түрлі форматтағы 1638 іс-шара ұйымдастырылыпты. Оларға 64 665 адам қамтылып, қолдау және атаулы көмекке ие болған.
«Қостанай қаласында толық емес отбасыларға, жетім балалар мен мүгедектерге 120 пәтердің кілті салтанатты түрде табыс етілді. Осының бәрі әрбір қала мен ауданда Тәуелсіздік жетістіктері туралы естелік қалдыратыны сөзсіз. Бүгінгі таңда іске асырылып жатқан адамдарды жаңғырту – барлық саладағы әлеуетті ашуға бағытталғанын түсіну маңызды», – деді Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Марат Кенжебекұлы.
Айта кетейік, «Жүректен жүрекке» акциясы – екі жыл бұрын басталып, республика шеңберінде кең тараған шара. Бүгінге дейін науқан аясында елдің әр түкпіріндегі көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіліп келеді.
Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы