Алматыда тұрғын үйді жалға алу бағасы 40 пайызға өсті

Ашық дереккөз
Ашық дереккөз
Сұраныстың көптігі қаладағы пәтер құнының шарықтауына себеп болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тұрғын үй бағасы өткен жылмен салыстырғанда 70 пайызға, оны жалға алу 40 пайызға дейін өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Басты себеп шетелдіктердің Қазақстанға көптеп ағылуы. Риэлторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев осылай дейді. Күзде жаңа оқу маусымы басталып, қалада студенттер қаптағанда пәтер құны тағы шарықтауы мүмкін.

Кез келген ғаламтор желісінде үй бағасы қымбат. Алматыда 1 бөлмелі пәтерді жалға алу кұны 200-300 мың теңге, 2 бөлмелі пәтер 300 мың теңгеден жоғары көрсетілген.

Шымкенттік Райымбек Пірәлі жарты жылдан бері 300 мың теңгеге пәтер жалдап тұрады. Оған жалақысының көптігінен емес, үй бағасының негізсіз шарықтап, амалы таусылғандықтан барыпты. Дипломын былтыр қолға алған азамат «мынадай қымбатшылықта өмір сүру қиын» дейді.  

«Жастарға үлкен қолдау білдірсе екен. Студенттер, түлектер, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы  жағдайын ойлап, үй бағасын сәл түсіруін сұраймыз», – деді қала тұрғыны Райымбек Пірәлі

Ал ұзақ жылдар бойы тұрғын үй саласында қызмет атқарып келген Орынбасар Сатаев елімізде 600 мыңнан астам студент болса, Алматыда 200 мыңы бар. Сұраныстың көптігі қаладағы пәтер құнының шарықтауына себеп болады. Екіншіден, көрші елдерден келетін құрылыс материалдарының қымбаттауы да үй бағасына әсер еткен.

«Бұл тек бізде емес, Түркияда болсын, барлық мемлекетте жалға алу құны мен пәтер бағасы күрт өсіп жатыр. Өйткені инфляцияның пайызы өткен жылғы мамыр айымен салыстырғанда 14 пайызға өскен. Доллардың көтерілуі де әсер етеді», – деді Қазақстан риэлторлар қауымдастығының кеңес мүшесі Орынбасар Сатаев.

Мамандардың айтуынша, қымбатшылықты төмендетудің бір жолы бар. Мемлекет жылжымайтын мүлік пен азық-түлік бағасын күштеп ұстамай, үй салу мүмкіндігін шетелдік компанияларға беру керек. Нарықта бәсеке артып, баспана бағасы тұрақталады.

«Мәселені шешудің жалғыз жолы тұрғын үй нарығындағы тапсырыс санын көбейту керек. Яғни, мемлекет өзі белгіленген бағамен үй сатып алу мәселесіне кірісу керек.  Банк мемлекет тарапынан өзі салатын пәтерлер санын көбейту керек», – деді экономист Мақсат Сералы.

Айта кетейік, пандемиядан соң 1 бөлмелі пәтер құны Алматыда 130-180 мың теңге аралығында болатын. 2 жылда баспана бағасы шамамен 2 есе өскен.

Мерей қанапиянов, Дидар Исаев, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров