|
25.01.2022 | 22:38
8981

Алматыда әлеуметтік ет дүкендерінің саны артады

Бағаны тұрақтандыру бойынша әлеуметтік орындар ет келісін 2050 теңгеден сатып отыр

Алматыда әлеуметтік ет дүкендерінің саны артады Фото: yaplakal.com

Алматыда әлеуметтік ет дүкендерінің саны артпақ. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы хабарлады. Бұған дейін қоғамда маңызы бар азық-түлікке, оның ішінде сиыр етіне бағаны тұрақтандыру бойынша жедел шара қабылдау тапсырылған еді. Ал аталған әлеуметтік орындар осының негізінде ет келісін 2050 теңгеден сатып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2050 теңге. Бұл төс етінің бір келісіне қойылған баға. Мұның өзі орташа нарықтық көрсеткіштен 15 пайызға төмен. Қазір қала бойынша Орбита, Тау Самалы мен Тастақ, Арыстан және көтерме сауда базарында осындай әлеуметтік дүкендер бар. Соңғы аталған орында бір күнде шамамен бір тоннадай сатылады екен. Ал кәсіпкерлер «Ет түске дейін-ақ өтіп кетеді. Алушылардың басым көпшілігі – зейнеткерлер» дейді.

«Біз етті бір күн бұрын соямыз. Балғын күйінде шығармаймыз. Бір күн кептіріп, еттің салмағын түсіріп, қанын сорғытамыз, содан кейін ғана сатуға шығарамыз. Бір күн аралықта тосады. Талдықорған облысы Қоғалы ауданынан келетін ет», - дейді кәсіпкер Айдос Бақытбеков.

«Ет өзіміздің Талдықорған облысы Қоғалы деген ауылдан келеді. Күніне жоқ дегенде, малдың екі қолы өтіп кетеді», - дейді келесі бір кәсіпкер Ерболсын Қазыбекұлы.

Ал «бағаның төмендеуінен кәсіпкерлер жапа шекпейді» деген басқарма мамандары дәл осы әлеуметтік ет сататын сатушыларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған дейді.

«Төс етін 2050 теңгеден сату үшін кәсіпкерлерге әлеуметтік орында біраз жағдайлар істеледі. Осы базарлардан орын тегін беріледі, еш- төлем төлемейді. Кредиттер, займдар беріледі. Ол да ешқандай пайызсыз беріледі», - деді Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Омаров.

Өнімнің сапасы өзгелердің денсаулығына тікелей әсер етеді. Себебі ет - тіршілік көзі, астың негізі. Сондықтан көпшіліктің пікірін, сатып алушылардың бағасын білейік дедік. 

«Сапа жағынан айырмашылық жоқ. Ет ұнады», - дейді қала тұрғыны Людмила Внукова.

«Еттің сапасы жөнінде жаман ештеңе айтпаймын. Жаңа жылда алғанмын. Базардың бір бұрышында ғана бағаның осындай болғаны өкінішті, әрине. Жобаны дамытса дейміз», - дейді тағы бір тұрғын Елена Корчевская.

Басқарма мамандары мұндай әлеуметтік нысандардың қатары әлі де көбейеді дейді. Мысалы соңғы 2 айда, жоғарыда айтқанымыздай, 5 дүкен ашылып үлгерген. Ал өзге сатушылар, мысалы, нарықтық бағада ет ұсынатын кәсіпкерлер осындай әлеуметтік орындар туралы не дейді?

«Малдың иесі малын байлайды ғой. 6-5 ай байлайды. Ал 2 ай байланғаны үшін ет әлеуметтікке жатады. Жем-шөбіне байланысты. Әркім өзінің жағдайына қарай алады. Бәсекелестіктен қорықпаймыз, әркім өзіне ұнағанын алады», - дейді кәсіпкер Айсұлу Байғарашева.

«Баға көрсеткіште жазылғанымен, кейде одан арзан береміз. Өйткені етті ұзақ сақтай алмайсың, күнбе-күн өткізуің керек. Сұраныс бар, сатып алушы бәрібір сапаға қарап, өзі таңдайды ғой», - деп пікір білдірді кәсіпкер Гүлбаршын Зағапарова.

Мұндай әлеуметтік орындардағы ет түске дейін-ақ бітіп кетеді дейді мамандар. Себебі баға әлдеқайда арзан. Жалпы келісіне 2050 теңге қала бойынша қазір  дүкен желілерінің 73 бөлімшесінде, сондай-ақ 5 фирмалық дүкенде тұрақталған. Осылайша, күніне шамамен 3 тонна ет сатылады.

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Прямой эфир