Бүгін қазақтың қос ғарышкерінің туған күні

egemen.kz
egemen.kz
Ұлтының бағына біткен ұлдар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін қазақтың қос батыры Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтің туған күні. Ұлтының бағына біткен ұлдар қазақ атын ғарыш шеңберінде әйгілеп, ел тарихының елеулі тұсын жазды. Ғаламдық мәселенің зерттеуін жүргізді. Бір күнде туып, бір салада жұлдызы жанған азаматтардың қандай ұқсастықтары бар? Еңбегі елге мәлім екеудің беймәлім қыры қандай? Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас тарқатсын.

Тұңғыш. Қай салада да «тұңғыш» дегеннің салмағы ауыр, мысы басым. Оған жүктелген міндет те соған сай, маңызды болмақ. Иә, бүгін өзіне жүктелгенді мүлтіксіз орындап, ерлік көрсеткен халық қаһарманы, бірнеше мәрте Гиннестік рекордқа аты енген Тоқтар Әубәкіров туған күн. Ол әлемнің 256-ғарышкері. Ол ғарыш кемесі көтерілер сәтте «Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!» деген ұл. Мұнысы таспада бар.

Ал, әлемдік аренада Әубәкіров Аралдың экологиялық жағдайын ғарыштан зерттеген, тұңғыш рет Солтүстік полюске рейс жасаған, МИГ-29 авиатасымалдағышын әуеге көтере алған елеулі азамат. Мұнысы тізбектеуге келгені ғана. Көп білмейтін, білуге болмайтын еңбегі қаншама...

«Кез келген жерде Тоқтар Әубәкіров десе, «Ә, біздің тұңғыш ғарышкер!» дейді. Ал бұл кісінің сыры ашылмаған жағдайы: дүниежүзі авиациясының ең үздік сынақшыларының бірі, Вашингтондағы авиация әлемдік музейі бар емес пе? Сол музейде үшінші жазылған адам. Ең таңдаулы 10 адамның үшіншісі. Бұл енді өмір бақи тарихта қалды деген сөз. Тоқтар Әубәкіровтің отансүйгіштігінің өзі сіз айтқандай, бір бөлек әңгіме. Бұл жыр-эпопея», – деді ардагер журналист Талғат Сүйінбай.

АҚШ-тың айтулы мекемелері мен Ресей тарапы қызмет ұсынғанда бәрін тастап Отанына оралғанының, мұндағы ғылымға үлес қосқанының өзі сол отансүйгіш, ұлтын сүйгіш батырға тән әрекет емес пе? Тоқтар Оңғарбайұлының ұшқыш болуына ана түсіндегі аппақ көбелек түрткі болған ба дейсіз... Түсінде анасына әлдеқайдан шыққан бір дауыс «Мынаны қолыңа ұста», деп көбелек ұсыныпты. «Әуеге көтеруге деген ниет «аппақ көбелегім» деп еркелеткен ана мейірімінен бастау алды», дейді батырдың өзі. Ал, бүгін 75-ке келген Тоқтар аға жас буынға өсиет айтты.

«Білім, білім, білім! Білімсіз ары қарай, біз осы келген 21 ғасырда жаңалық, инновация келіп жатқанда, білімсіз ештеңе істей алмаймыз. Сонымен, айналайын балапандарым, өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз, ғылым сендердің жолдастарың болсын! Сонда ғана мен ойлаймын, біздің Қазақстан өркендейді, үлкен мемлекет болады!» – деді Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров.

2015 жылы қазақтың тағы бір ұлы көкке көтеріліп, ғарыш асты. Тоқтардай аға тәлім берді, жанашыр болды. Осы тұста Тәуелсіз Қазақстан атынан космосты бағындырған тұңғыш ғарышкер Айдын Айымбетов пен қазақтан шыққан тұңғыш Тоқтар Әубәкіровтің 5 сәйкестігін айта кетсек. Бір күн, бір айда туып, бір оқу орнында білім алғандарынан бөлек, екі азамат та сәрсенбіде, бірі 2 қазанда, екіншісі 2 қыркүйекте ғарышқа аттанған. Сондай-ақ, Әубәкіровтің командирі Александр Волков болса, Айымбетов Александрдың ұлы Сергей Волковпен бірге ұшқан. Ел арасында кең тараған бұл мысал қос батырды біздің көзімізде тағы бір мәрте биіктете түскендей.

«Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтің бір күнде тууы бір қызық жаңалық сияқты. Ал, былай үйлесімділік. Өйткені Тоқтар Әубәкіров ағамыз Айдын Аймыбетов оның ізбасары ғой, жаңа буын. Сондай қамқорлықпен, жанкүйерлікпен қарады. Ұшарынан бастап қайтып келгеніне дейін жүрегін қолына ұстап, тосып отырды», – деді ардагер журналист Талғат Сүйінбай.

Биыл қазақ ұлының ғарышқа табан тірегеніне 30 жыл. Қазақ қана емес, түгел түркінің тұңғышы болған батырлар әлі де ізбасар дайындап, ел атын аспандата беретініне жұрт сенеді.  

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров