Ақын әрі аудармашы Шөмішбай Сариев 75 жаста

ашық дереккөзден
ашық дереккөзден
Ол 500-ге тарта көпшілік сүйіп тыңдайтын ән мәтінін жазды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін белгілі ақын әрі аудармашы Шөмішбай Сариевтің туған күні. Қара сөзден кесте тігіп, қалың елге есті ән қалдырған ақын көзі тірі болса, 75-ке толар еді. Лирикалық жырымен, әсем әнімен көптің жадында қалған белгілі тұлғаның ғұмырлық бейнесі туралы Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас баяндайды.

Шөмішбай Сариев – поэзияға сонау 70-жылдары келіп, өзіндік өлең өрнегімен дараланған ақын. Ол 500-ге тарта көпшілік сүйіп тыңдайтын ән мәтінін жазды, лирикалық жырларын жүрекке жеткізді. Ақынның жиырмаға тарта өлең кітабы жарық көрген. Поэзиядан бөлек, Шөмішбай Нағашыбайұлының соңында зерттеуші ғалым ретінде жазған кең құлашты еңбектері қалды.

Иә, ақынның өзі айтпақшы, академик Қабдолов Сариевке айрықша баға берді. Ол «Әннің ғұмырлы болуы – тек сөз мәтініне ғана байланысты, әннің сөзі жақсы болса ғана халық сүйіп айтады, ғұмырлы болады. Мен сондай әндердің мәтінін Шөмішбайдың жазған өлеңдерінен көріп, сезінемін. Ол әнге мәтін жазудың шебері»,  – дейді.

«Өнерде дос, өмірде аға болып араластық. Көптеген әндер дүниеге келді. Ең бірінші жазғанымыз  «Толғау» деген ән. Гүлнұр Оразымбетова, Роза Рымбаева. Бірінші Роза айтқан, кейіннен Гүлнұр айтты. «Домбыраның үні кенеттен үзілді»,деп. Жалпы өзі, жүрегі елжіреген, жаны жайсаң адам еді. Адамды көргенде езіліп тұратын. «Көкем» деп сөйлегенді жақсы көретін», – деді композитор, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлы.

Шөмішбай Сариев – қос қанатты ақын. Бір қанаты лирикалық жырлары болса, екіншісі ән өлеңдері. Демек, қара өлеңнің осы екі қыры ақынға қанат бітірді, өнер әлемінде орнын биіктетті.

«Бір қызығы ол кісі  суретке түскенді жақсы көретін. «Енді мынау Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы бәленбай басшымен бірге істедім. Сенімен де суретке түсейін»,деп. Түседі және ертесі күні соны шығарып әкелетін. «Көке, оны несіне шығардыңыз? Телефонмен жіберсеңіз де болар еді ғой»,десем, «Жоқ, мен шығарғанды жақсы көрем», дейтін. Сондай бір жақсы мінезі бар еді. Әзілқой, көңілді», – деді Ш.Сариевтің досы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжанов.

Көпшілік Шөмішбай Сариевтің ақындық қырын жақсы біледі. Онымен қоса, ардақты азамат ғылымға да зор үлес қосты. Талантты туындылары халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ол «Платинді Тарлан», «Жыл адамы», «ПАРАСАТ »ордені сынды марапаттарға ие болған. Таласары жоқ, ақынның соңында аты, хаты қалды. Еңбегі де мәңгілік.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров