Тапсырылған іс орындалды: 2020 жыл ағаш отырғызудан басталды

Тапсырылған іс орындалды: 2020 жыл ағаш отырғызудан басталды
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 2019 жылы Алмалы ауданы халқымен екі рет кездесу өткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жыл игі істермен басталуы тиіс. Осындай бастама көтерген эколог Тимур Елеусізов желтоқсан айында Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа қалаға жасыл желек отырғызсам деген ұсыныспен шыққан болатын. Бұл ұсынысы ескеріліп, қоғам белсенділері 2020 жылды ағаш отырғызумен бастаған еді. Бүгіннің өзінде 131 түп қарағай егілді. Осылайша, тапсырылған іс, көтерілген бастама қолдау тауып, орындалып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 2019 жылы Алмалы ауданы халқымен екі рет кездесу өткізді. Сол кезде «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары Тимур Елеусізов кең алқапқа қарағай ағашын отырғызу ісін жүргізуге рұқсат берсеңіз деп өтініш білдірген болатын.

«Мен сізге қайың орманына қатысты жазбаша түрде жүгінген болатынмын,  біз бастамашыл топ 1 қаңтардан бастап ағаш отырғызсақ деп едік. Осы ретте бізге қолдау көрсетсеңіз. Сізге канцелярия арқылы хат жолдап қойдым», - деді «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары Тимур ЕЛЕУСІЗОВ. 

«Рахмет, барлық сұрақтарды қарастырамыз. Тек ауданды ғана емес, түгел  қалаға қатысты мәселелердің барлығын», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Осылайша сұрауы ескерусіз қалмай, биылғы жылдың басынан құрамына еріктілер, кәсіпкерлер кірген бастамашыл топ Алатау ауданына қарағай орманын отырғызу ісін қолға алды. Мұндай игі шараға қала тұрғындары да жаппай атсалысты. 1 қаңтар күні 33 түп ағаш егілсе, 5-і күні тағы 40 түп қарағай отырғызылды.

«Бізді қала әкімі қолдады. Осындай игі шараны жүзеге асыру үшін арнайы аймақ бөліп беруін сұрап, қала әкімінің өзіне үндеу жолдаған болатынмын. Қазірдің өзінде 131 түп ағаш ектік. Бұған халық өз еркімен атсалысуда», - деді «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары Тимур ЕЛЕУСІЗОВ.  

Алатау ауданы әкімінің тұрғындармен соңғы есептік кездесуіне қала басшысы да қатысқан еді. Эколог Тимур Елеусізов бұл жолы қала әкіміне алғысын білдіре отырып, енді сол отырғызылған ағаштардың қауіпсіздігі үшін сол маңайға «Сергек» бейне бақылау камерасын орнатып беруді сұрады.

«Әкім мырзадан жасыл желекке зақым келмес үшін сол жерге бейнебақылау камераларын орнатып беруін сұрадым. Оған қоса, сол мекенде қарағай орманы бар екендігін ескертетін арнайы белгі қойып берсе екен дейміз», - деді «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары Тимур ЕЛЕУСІЗОВ.  

Табиғат жанашырының осы жолғы сұрауы да ескерусіз қалмақ емес. Бұл шаруа таяу уақытта аудан әкімдері өз аумақтарын дамытудың үш жылдық шеберлік-жоспарларын әзірлеу барысында ескерілетін болады.

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров