|
12.01.2021 | 23:13
1094

Басшылық бізді алдап келді: «Талдықорған – Өскемен» автожолының құрылысына қатысқан бір топ жұмысшы жалақысын ала алмай жүр

«Қазавтожол» ұлттық компаниясы бұл мәселе жақын арада шешіледі деп сендірді

Басшылық бізді алдап келді: «Талдықорған – Өскемен» автожолының құрылысына қатысқан бір топ жұмысшы жалақысын ала алмай жүр

«Афина Паллада Холдинг» фирмасының 20-ға жуық жұмысшысы 4 айдан бері еңбекақысын ала алмай отыр. Талдықорған-Өскемен автожолының 935-шақырымындағы жол құрылысының учаскесінде жұмыс істеген камаз жүргізушілері басшылық бізді алдап келді, дейді. Серіктестік басшылығы қызметкерлеріне қанша қарыз? Адамдарды жарты жыл жалақысыз қалдырудың себебі не?  Almaty.tv  тілшісі Рахат Рахымжанов жалғастырсын.

Дәулет Ахмадиев маусым айында камаз жүргізушісі болып жұмысқа тұрған. 3 айы бойы екі ауысыммен жұмыс істепті. Бірақ адал еңбегінің ақысын әлі күнге дейін алмаған. Жұмыс беруші болса, жұмысшылардың айлығын бердік, біз қарыз емеспіз, дейді.

Дәулет Қайырханұлы отбасының жалғыз асыраушысы. 6 баласы бар. Жалақысы жақсы болғаннан кейін осы жұмысқа тұрып едім. Енді бармақ тістеп қалдым, дейді.

«2 млн 500 мың шығып отырған ақшаны міне 4 ай болды ала алмай жүрміз. Сол ақшаның кесірінен отбасымыздың шырқы бұзылды. Не айтарымызды білмейміз. Біз неге осылай өмір сүреміз? Біздің бала-шағамыз неге зардап шегуі керек?» – деді камаз жүргізушісі Дәулет Ахмадиев.

Дәулеттің сөзін басқа да әріптестері растап отыр. Тіпті, жарты жыл нәпақасын ала алмай жүргендер де бар көрінеді.

«Сәуір айынан бастап 6 ай жұмыс істедім. Алматы-Өскемен тасжолында 12 шақырым жол  салдық. Ақша төлейміз деді. Жарайды деп, сеніп жүре бердік, бәріміздің бала-шағамыз бар. Сәуірдің ақшасын маусымда алдық, содан кейін ақша алмадық», – деді камаз жүргізушісі Айдос Байбосынов.

Жұмысшылардың айтуынша, компания басшылығы 17 адамға 3 айдың жалақысын бермеген. Бұл орташа есеппен 25 млн теңге. Ал, жұмыс беруші ұйым олардың қажетті құжаттары жеткіліксіз деп бетін қайтарып отыр.

Ал, Талдықорған-Өскемен тасжолының құрылысына жауапты «Қазавтожол» ұлттық компаниясы бұл мәселе жақын арада шешіледі деп сендірді.

«Осы аптаның аяғына дейін төлейміз деп уәде берді, біз қатаң  қадағалауға аламыз. Осы айлықтың қарызын төлетіміз. Бұдан былай мұндай осындай жағдай қайталанбауы туралы ескерту жасалды», – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.

Рахат Рахымжанов, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир