Алматыда сүрілуге тиіс үйге инвесторлар құрылыс жұмыстарын жүргізе алмай отыр

Алматыда сүрілуге тиіс үйге инвесторлар құрылыс жұмыстарын жүргізе алмай отыр
Алмалы ауданындағы бұл тұрғын үйдің тұрғызылғанына 60 жыл болыпты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қабырғасы сөгіліп, сылағы түскелі тұрған үйде өмір сүруге мәжбүрміз. Алматының Райымбек батыр даңғылы бойында орналасқан екі қабатты үйдің тұрғындары осылай деп арнамызға хабарласқан болатын. Айтуынша, үйді аудан әкімдігі сүрілуге тиіс ғимараттар қатарына алған. Десе де әлі күнге құрылыс жұмыстары басталмапты. Себеп неде? Мәселе қашан шешіледі? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтып берсін.

Алмалы ауданындағы бұл тұрғын үйдің тұрғызылғанына 60 жыл болыпты. Содан бері 3 мәрте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Су құбырлар мен жылу желілері де әбден тозған. Дәліз тұрмақ, үй ішінде төбеден су сорғалап ағып тұр. Мұндай үйде бұдан әрі тұрғындар мекен етуге қорқып отыр.

«Біздің сұрайтынымыз – қазіргі мәселемізді оңынан шешіп беруін қалаймыз. Үйді сүріп жаңасын салудан басқа шешім жоқ. Қала ортасында отырсақ та, кей кездері ыстық су мен газдан тапшылық көріп отырамыз», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Ләззат Ешмұханбетова.

Аудан әкімдігі баспананы сүрілуі тиіс үйлердің тізіміне әлдеқашан қосып қойған. Ол үшін инвесторды да тауып, құрылыс жұмыстарын бастауға дайын отыр. Бар мәселе мына қонақ үйге қарап тұр дейді. Екі қабатты тұрғын үйді сүру үшін мейманхананы да бірге қиратуы керек екен. Аудан әкімдігінің айтуынша, кәсібін дөңгелетіп отырған қожайыны оған келіспейді.    

«Біз қазір инвесторлармен бірлесіп қонақ үй иесімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз оған қаланың басқа бөлігінен жаңа ғимарат берейік немесе қонақ үйді сатып алайық деп ұсыныс жағанбыз. Алайда оған келіспей отыр. Қазір жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта бір шешімге келеміз», – деді Алмалы аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Руслан Айтанов.

Мән-жайды білмек болып, қонақ үй иесінің өзіне хабарластық. Ол әкімдіктегілердің сөзін жоққа шығарып отыр.  

«Аудан әкімдігі бір мәрте келіп, қонақ үйді суретке түсіріп, ғимараттың нарықтағы орташа бағасын белгеліп кеткен. Одан кейін сатып алу туралы бізге ешқандай ұсыныс жасаған емес. Біз ешқандай да қонақ үйді сүруге қарсы емеспіз. Керісінше, инвесторлар мен әкімдік қашан келіп құрылыс жұмыстарын жүргізеді екен деп тұрғындармен бізге бізде күтіп отырмыз», – деді мейманхана иесі Анастасия Волкова.

Мамандар қазір екі қабатты тұрғын үй қауіпті қызыл сызық аймағында орналасқанын айтады. Инвесторлар бұл үйді сүріп тастап орнына үй тұрғыза алмайтын көрінеді. Сондықтан олар көп қабатты баспананы қонақ үйдің орнына салмақшы.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров