Жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына өтінім қабылдау басталды. Аталған байқау биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Ауданнан іріктеліп, қала мен республика деңгейінде бақ сынайтындар қазір алғашқы құжаттарын рәсімдеп жатыр. Отбасының оң имиджін насихаттауға арналған сайыс турасында толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Дәрібаевтар отбасы биыл таланты мен талабы қатар сыналатын байқауға қатыспақ. Ата жолымен 30 жыл көлемінде музыкадан алыстамаған өнерлі ансамблі мұндай байқаулардың адамгершілік құндылықтар мен тәрбие, неке негізін насихаттауда берері мол дейді.
«Барлығымыз толығымен шығармашылық отбасымыз. Әрине, жеңеміз деген үмітіміз бар. Біз осы өнерлі отбасы ретінде үлгі болып жүрген отбасылардың біріміз деп санаймыз өзімізді. Сондықтан жеңіске деген үмітіміз мол», – деді отағасы Сәкен Дәрібаев.
5 бірдей бүлдіршіні де өнер әлеміне қанат қаққан отбасы алдағы байқауда топ жарамыз дегенге сенеді. Ал үлкендерден өнеге алған балдырғандар бүгінде біршама байқаулардың жүлдегер-жеңімпазы атанып үлгерген.
Думан-жырдың ордасына айналған бұл отбасының лирикалық туындылары қалың көпшіліктің көкейінде жатталып қалған. Олардың орындауындағы «Жас жұбайлар» әні бүгінде әр тойдың төрінде шырқалар гимн іспеттес.
Байқауға құжат жинау басталғалы қала бойынша өнегесі мен өнері жарасқан 44 отбасы қатысуға өтінім беріп үлгеріпті. Ұлттық тәрбие мен адами құндылықты насихаттайтын сайыс жалпы 3 кезеңнен тұрады. Ал қатысуға өтінім беру 15-маусымға дейін жалғасады.
Мадина Оқас, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» арнасы