|
05.10.2020 | 23:49
3664

Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарында олқылық бар – Қоғамдық кеңес мүшелері

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр

Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарында олқылық бар – Қоғамдық кеңес мүшелері Фото: Sportmap.kz

Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарында олқылық бар. Бүгін спорт нысандарындағы жұмыспен танысқан қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мердігер компанияға ескертулер айтып, хаттама толтыруға бекінді. Айта кетейік, қалада «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жұмыс барысымен танысып келген Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығарық тарқатсын.

Қоғамдық кеңес мүшелері «Балуан Шолақ» атындағы спорт сарайына кіре сала құрылысшылардың жұмысынан бірнеше олқылықты анықтады. Кафелдер арасы шұрық-тесік, арнайы өлшемі жоқ. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары соңғы рет 2010 жылы жүргізілген. Биыл құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 210 млн теңге бөлінген.  

«Қазір спорт кешенінің шатырында құрылыс жұмыстары аяқталды. Енді ғимараттың кафелдерін ауыстырып жатырмыз. Жыл соңына дейін мердігер компания жұмысты бітіретінін айтады. Айтылған ескертулер бойынша қазір жиналыс өткіземіз», – деді Балуан шолақ атындағы спорт кешені директорының орынбасары Алмат Әмірешов.

Ал, атшаптырым аумақты алып жатқан «Сұңқар» шаңғы трамплині халықаралық додалар өтетін алып кешен. Мұнда тауға арнайы арқанмен шығатын орындықтар істен шыққан. Ол үшін жақын арада қажетті бөлшектер алынып, жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Жақын арада бұл кешенде демалыс маусымы басталатын болғандықтан, қоғамдық кеңес мүшелері жұмысты тездетуді тапсырды.

Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері аралаған келесі нысан – Медеу спорт кешені. Өздеріңіз көргендей, кешеннің негізгі алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, мұнда жұмыстың 80 пайызы жасалған. 2 аптадан кейін спорттық нысан демалушыларға есігін ашуға дайын. Десе де бұл жолы карантин талаптарына сәйкес келушілердің саны екі есеге дейін азайюы мүмкін.

Медеу мұзайдыны 7-қысқа Азиада ойындарының алдында ғана күрделі жөндеуден өткен. Араға 11 жыл салып, кешенің сырты қасбеттері мен орындықтары түгел жаңартылып жатыр. Жаңа кейіпке енген кешен жақын күндері қала тұрғындары мен қонақтарын қабылдауға дайын болады.

«Үлкен мән беріп отырған тағы бір мәселе – бұл нысандар бұл тек спортшылар ғана емес, қалалықтарға пайдасы. Себебі бұл нысандар мектепте оқып жатқан балаларға да қолжетімді болуы тиіс. Ол үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр?» – деді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Жазылбеков.

Қалада қысқы демалыс маусымы қазан айының аяғында басталады. Сәйкесінше, қоғамдық кеңес мүшелері аралаған нысандарда құрылыс жақын арада аяқталуы тиіс. Қоғам белсенділері күрделі жөндеу біткеннен кейін де тағы келіп, жұмыстарды назарда ұстайтынын жеткізді.  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир