Референдумға дейін:
1
күн
18
сағат
5
минут

Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс - Мемлекет басшысы

Ақорда
Ақорда

Президент биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болатынын атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс".  Бұл туралы Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында айтты, деп хабарлайды  Almaty.tv.

"Біз жергілікті биліктің әлеуетін және аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіп жатырмыз. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш", - деді Мемлекет басшысы. 
 

Президент биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болатынын атап өтті.

"Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады. Менің тапсырмама сәйкес қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. Бұл – өте дұрыс ұстаным. Түскен табыс, ең алдымен, сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті жерде қордаланған мәселелерді шешу үшін мүмкіндік те, ресурс та арта түспек», - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн.

«Әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн. Осылайша, жұмыстың сапасын арттырып, қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауға болады. Қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажет. 
Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет",  - деді Мемлекет басшысы.
 

Мемлекет басшысы жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс екенін айтты.

"Бюджет қабылданатын кезде «Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?» деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек. Күрішті күрмектен ажырата білу қажет. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттар депутаттары, ең алдымен, мемлекет мүддесіне қызмет ететін бір ұжым, бір команда деген сөз.

Барлық аймақтың мәслихаттары мен әкімдіктері бірлесіп, бюджеттің әр теңгесінің ел игілігіне жұмсалуын қамтамасыз етуге міндетті", - деді Президент.

Оқи отырыңыз: Астанада Президенттің қатысуымен мәслихат депутаттарының форумы өтіп жатыр

Новости партнеров