Бас прокуратура интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырады
Қазіргі таңда интернет күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн қызметтердің қолайлылығы артқан сайын, интернет-алаяқтардың әрекеті де жиілеп келеді. Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды барынша сақ болуға үндейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, зейнетақы қоры немесе қауіпсіздік қызметінің мамандары ретінде таныстырады. Олар адамды асықтырып, қорқытып немесе «жедел шешім қабылдау қажет» деп сендіріп, құпия ақпаратты алуға тырысады.
Мамандар ешбір банк те, ешбір мемлекеттік орган да телефон арқылы немесе мессенджерлерде СМС-кодтарды, құпиясөздерді және банк картасының деректерін сұратпайтынын ескертеді. Мұндай талап - алаяқтықтың айқын белгісі.
Сондай-ақ күдікті хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу және белгісіз қосымшаларды орнатпау маңызды. Хабарлама таныс адамнан келгендей көрінсе де, оның аккаунты бұзылған болуы мүмкін.
Азаматтарға кодтарды, құпиясөздерді және банк картасының деректерін ешқашан үшінші тұлғаларға бермеу, бейтаныс адамдардың өтініші бойынша ақша аудармау ұсынылады. «Жеңіл ақша», «ұтыс», «жедел өтемақы» секілді уәделер де - алаяқтардың кең таралған айласы.
Егер сіз алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, дереу банкке және құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.
Бас прокуратура еске салады: сақтық шараларын сақтау — өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың ең тиімді жолы. Желіде мұқият болыңыз және қауіпсіздік талаптарын ұстаныңыз.
Оқи отырыңыз: Дәрігер қатерлі ісік тудыруы мүмкін өнімді атады