Өңірдегі түйіні тарқамай келген даулы мәселелердің бірі – қызыл сызықты басып, өндірістік аймақтардың іргесіне тұрғын үй салу
Алматы облысында баспана былығы белең алып, құрылыс компаниялары мен халық арасындағы текетірес толастар емес. Кейінгі айларда 70-тен аса заңсыз құрылыс анықталып, 13 компания лицензиясынан айырылып отыр. Күмәнді нысанның жарқын жарнамасына алданған жұрт миллиондап шығынға батқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Биыл Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы 70-тен астам заңсыз құрылыс нысанын анықтап, 419 әкімшілік материал қараған. Заң талаптарын бұзған 349 меншік иесіне 81 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Олардың көбі рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізу, нысаналы мақсатты өзгерту, мемлекеттік сараптамадан өтпеу, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау сынды талаптарды орындамаған.
«Талғар, Қарасай аудандары мен Қонаев қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің саны көбейіп келеді және халықтың өтінішіне байланысты тексеру жүргізіп, айыппұл салынды. Жіберілген кемшіліктерді жою үшін ұйғарымдар берілді. Бұдан басқа, көптеген өтініш түсуіне байланысты Іле ауданындағы 12 қабатты тұрғын үйі және Есік қаласындағы 36 пәтерлі үй құрылысы бойынша заңбұзушылықтар анықталып, жұмыстар тоқтатылды. Халықта пәтер сатып алу бойынша шағым-арыз көп түсуде, үлестік қатысуға тек келесі жағдайда жол беріледі, Бірыңғай оператордың кепілдігі, 2 дәрежелі банк және ЖАО рұқсат арқылы», – деді Мемлекеттік сәулет- құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы Ғабиден Үзембаев.
Өңірдегі түйіні тарқамай келген даулы мәселелердің бірі – қызыл сызықты басып, өндірістік аймақтардың іргесіне тұрғын үй салу. Өтеген батыр ауылындағы атышулы нысан осы мәселенің айқын мысалы. Төрт жағынан зауыт қоршаған аумақта көпқабатты үй бой көтеріп жатқаны жайлы бұған дейін ақпарат таратқанбыз. Ол кезде тараптар сот шешімін күткен. Қазір учаскеде санитарлық-қорғаныс аумағының сақталмағаны айқындалып, сот үкім кесіпті.
«1 емес 3 мәрте Камаз балаларды басп кете жаздады. Айқайлап тоқтатқан кезіміз болды. Бұл жерде ыңғайлылық көріп тұрған жоқпын. Жан-жағының бәрі зауыт. Ар жағында жол жоқ», – деді Өтеген батыр ауылының тұрғыны Мұхтар Мамарбек.
«Өндірістік аймақ болатын, әкімнің шешімімен көпқабартты тұрғын үй құрлысын салуға өзгерткен. Ал со бқл шешімді жоққа шағарды. Тұрғындарға қиын болады, өндірістің жағдайлары болуы мүмкін», – деді өндіріс компаниясының техникалық директоры Нұрлан Ілиясов.
«Сот үкімі шықты, бірақ құрылыс әлі тоқталған жоқ. Сонда сотқа бағынбай ма? Пәтерлер сатылып жатыр, ертең қалай болады?» – деді автобус паркінің директорының орынбасары Талғат Құнанбаев.
Түсірілім барысында сот талқылауы жүріп жатқан нысаннан пәтер алуға келген тұрғындарды да кездестірдік. Олар ипотека рәсімдеп, жылдар бойы жинаған қаражатын баспанаға салуға ниетті. Алайда тұрғындар кешенге қатысты сот процесі жүріп жатқанын, нысанның құжаттарына байланысты даудан хабарсыз.
«Бізге ипотекаға шығарып берді. Жаңағы үстіндегі ақшасын төлейік десек, дайын пәтер беретін болды. Балам келісімшарт жасаған. Шикіліктің барын, сіздерді көріп түсініп отырмын» – деді салымшы Ербол Ережепов.
.Даудың өзегі де осында. Сот аяқталып, учаскенің нысаналы мақсаты заңсыз деп танылған. Осы орайда нысаннан пәтер сату қаншалықты заңды? Бұл сұрақты біз құрылыс компаниясының өкілдеріне де, жергілікті әкімдікке де қойдық.
«Түсіндіріп айтып бердік. «Бізде сот барысы жүріп жатыр» деп интернетте барлығына жариялап айтпаймыз ғой. Құжаттар әлі шыққан жоқ, келесі айда нақты белгілі болады, сол кезде құжаттар шығуы мүмкін», – деді құрылыс компаниясының өкілі.
«Бұрын «Сұлтанов парк» ретінде архитектура жоспары дайын, жобаға келісім алған. «Траффик» компаниясы сотқа берді. Объектті эксплуатация қабылдамаған, оны сатуға болмайды. Іле ауданынынан рұқсат қағазын алған жоқ», – деді Іле ауданының архитектура бөлімінің басшысы Бауыржан Жомартов.
Облыста бейберекет құрылыс нысандары ғана емес, лицензия алған компаниялардың жұмысы да жіті тексеріліп жатыр. Биыл бірнеше мердігер талапқа қайшы әрекеті үшін жауапкершілікке тартылып, қомақты айыппұл арқалаған. Кейбірі лицензиясынан айырылды. Қайткен күнде де, даудың салмағы қарапайым халықтың қалтасына түседі. Бар үмітін баспанаға байлаған жұрттың жоғалтқанын кім қайтармақ? Сондықтан мамандар тұрғындарды пәтер сатып аларда құжаттың толық заңдастырылғанына, рұқсаттың бар-жоғына мұқият назар аударуға шақырады.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Түркістанның тыныштығын 5 бірдей өңірдің полицейлері күзетеді