Алматы Түркі әлемі жастарының тәжірибе алмасу алаңына айналды

Оңтүстік астанаға табан тіреген қонақтар алғашқы күні Алматыдағы жастар саясатын жүзеге асыру тәжірибесімен танысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркі елдері жастарының ынтымағы артып, бірлігі нығайып келеді. Алматыда Түркиядан келген жастар делегациясын қарсы алу шарасы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv 

Сапар «Алматы – Түркі мемлекеттер астанасы-2025» жобасы аясында ұйымдастырылған. Оңтүстік астанаға табан тіреген қонақтар алғашқы күні Алматыдағы жастар саясатын жүзеге асыру тәжірибесімен танысты. Делегация мүшелеріне Әуезов ауданындағы комьюнити орталығының жұмысы баяндалып, жастарды қолдауға бағытталған жобалар көрсетілді.

Айта кетейін, Алматының комьюнити орталықтарында жастар тегін білім беру курстарына қатысып, кәсіпкерлік, медиасауаттылық бағытында тәлім алады, сондай-ақ волонтерлік, мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді араласуға мүмкіндік беріледі.

«Мақсаты –Түркиямен осы Қазақстан арасындағы жастардың дамуына, өсуіне, өзара тәжірибе алмасуына ықпал ету.Түрік елінен делегация келіп отыр. Сол кісілермен алдағы уақытта да көптеген іс-шара, кездесулер ұйымдастырылатын болады. Алдағы уақытта форум өткіземіз», – деді  «Uaqyt» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Айша Балдырған

Алматы қаласы биыл Түркі әлемі жастарын біріктіретін маңызды халықаралық алаң ретінде мәртебесін нығайтып келеді. Мегаполиске келген Түркияның жастар делегациясы бірнеше күн бойы білім беру, мәдени және қоғамдық іс-шараларға қатысып, тәжірибе алмасады. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер жастар ұйымдары арасындағы серіктестікті күшейтіп, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, Алматы 2025 жылы алғаш рет Түркі әлемінің жастар астанасы атанды. Осы мәртебе аясында қалада халықаралық форумдар, жастар алмасу бағдарламалары және білім беру жобалары жүзеге асып келеді. Ал 14 маусым күні Түркі мемлекеттері ұйымының жаңа жастар астанасы ресми түрде анықталып, символикалық кілтті табыстау рәсімі өтеді.

Оқи отырыңыз: Ұлттық стиль қазақстандық сәннің өзегіне айналды

Новости партнеров