Қазақстандықтар келе салысымен Президент пен СІМ-ге алғыс айтты
Алматы халықаралық әуежайына Flight 251 эвакуациялық рейсімен тағы 167 Қазақстан азаматы елге жетті. Шарджа қаласынан ұшып шыққан ұшақ Алматыға сәтімен қонып, елге оралғанша асыққан азаматтарды алып келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Зал тамыр-танысын, туған-туысын тағатсыздана күткен адамдарға толы болды. Табаны жерге тиісімен кейбірі тіпті көз жасына ерік беріп, аман жеткеніне тәуба десті. Бұл мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасы.
Келген жолаушылар президентіміз бен Сыртқы істер министрлігіне алғыс білдірді. Дәл осы мекемелердің күш-жігерінің арқасында эвакуация сәтті ұйымдастырылып, азаматтар аман-есен елге оралған болатын.
«Бізді қиын жағдайда қалдырмай, көмек берген мемлекетімізге өте ризамыз. Президентке, елге оралуымызға көмектескен СІМ қызметкерлеріне көп рақмет. Мұндай қолдау адамды кәдімгідей жігерлендіріп жібереді екен», — дейді олар.
Елге жеткен жолаушылардың айтуынша, эвакуациялау жұмысы жылдам әрі барынша ұқыпты ұйымдастырылыпты. Дипломатиялық қызмет өкілдері бәрімен байланыста болып, құжаттарын рәсімдеуге көмектесіп, қал-жағдайын біліп, аман-есен ұшып кетуін бастан-аяқ бақылап отырған.
4 наурыз күні Алматы – Маскат – Алматы бағыты бойынша DV5361 рейсімен бала-шағаны қосқанда 314 адам елге жеткізілген. Эвакуациялау жұмысы әлі жалғасып жатыр. Қай жерде жүрсе де, қандай қиын жағдайға тап болса да, мемлекет азаматтарына әрдайым қол ұшын созатынына дәлел бұл.
Осы жаңа ғана 5 наурыз күні Шарджадан тағы бір рейс келетінін хабарлады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер саны бір жылда екі есеге жуық өсті