Алматыдағы 73 бағдаршамда арнайы велосекция бар, ал қос дөңгелекті көлік қозғалысына арналған 1025 жол белгісі орнатылған
Алматыда 23 шақырымға жуық жаңа веложол салынады. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы мәлімдеді. Жоспарға сәйкес, жаңа бағыттар мегаполистің 8 ірі көшесін қамтып, қолданыстағы веложолдармен өзара жалғасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматыда көлік қозғалысы қашанда қарқынды. Әсіресе таңғы және кешкі уақытта кептелістің көбейетіні белгілі. Сондықтан соңғы жылдары діттеген жеріне дәл осындай велосипедпен жетуді жөн көретін тұрғындар көбейген. Олар екі дөңгелекті көлікпен жүру уақытты үнемдеп, қала ішінде қатынауға ыңғайлы екенін айтады. Дегенмен қауіпсіз қозғалыс үшін веложолақтардың маңызы зор.
«Менің ойымша веложол басқа адамдардың қауіпсіздігі үшін өте қажет. Себебі велосипедтер тез жүріп, қағып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл өте қажет деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны.
«Менің ойымша, веложолақтар салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар үшін өте қолайлы. Әсіресе арнайы жол бөлігінің бөлінуі мен тиісті белгілердің орнатылуы велосипедшілердің қауіпсіздігін арттыра түседі», – деді қала тұрғыны.
Алматыдағы велоинфрақұрылымның жалпы ұзындығы 89 шақырым. Енді бұл желі тағы да кеңейтілмек. Жоспар бойынша мегаполистің 8 ірі көшесінде 23 шақырымнан астам жаңа веложолақ салынады. Құрылыс кезінде қозғалысқа кедергі келтіретін шектеулер болуы мүмкін. Мамандар тұрғындардан осы кезеңдегі қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.
«Алматы қаласы Қоғамдық кеңістікті дамыту басқармасының іске асырылып жатқан 8 көшеде жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде Жандосов, Сәтбаев, Сейфуллин көшелері және тағы да басқа көшелер бойынша алдағы уақытта 23 шақырымды велоинфрақұрылым жолдары іске асатын болады. Сол себепті кедергі үшін кешірім сұраймыз», – деді Қоғамдық кеңістіктерді жобалау және дамыту бөлімінің бас маманы Махамбет Алидарұлы.
Қауіпсіздік үшін қала инфрақұрылымы да біртіндеп бейімделіп келеді. Қазір Алматыдағы 73 бағдаршамда арнайы велосекция бар, ал қос дөңгелекті көлік қозғалысына арналған 1025 жол белгісі орнатылған. Ендігі міндет – қауіпсіз веложелі қалыптастыру.
Мәди Мәлік. Ялкунджан Әшімжанұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда Яссауи көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады