Алматыда ерекше балаларды қолдаудың жаңа тәсілдері талқыланды
Алматыда ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдері талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алатау ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға еліміздің әр өңірінен мамандар жиналды.
Басқосуда заманауи технологияларды қолдану, әр баланың жеке қажеттілігіне сай бағдарлама әзірлеу және тиімді әдістерді күнделікті сабақтарға енгізу мәселелері қаралды. Педагогтер тәжірибе алмасып, балалардың қабілетін дамытуға бағытталған тәсілдерін ортаға салды.
2016 жылы Білім басқармасы мен «Болашақ» қайырымдылық қорының бірлескен жұмысының нәтижесінде ашылған кабинет осы уақыт ішінде көптеген балаға көмек көрсеткен. Мамандардың айтуынша, түзету сабақтарынан кейін мектепке барып, кабинет көмегіне қайта жүгінбейтін балалардың саны артып келеді.
«10 жылдың ішінде көптеген бала біздің түзету кабинетінің көмегін алды. Ата-аналар мен мамандардан алғыс алып жатырмыз. Кабинетке қайта оралмай, мектептерге барып жатқан балаларымыздың саны едәуір артып келеді», – деді «Алатау ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ директоры Айнұр Рысбекова.
Қазір мекемеде 50-ге жуық балаға тегін көмек көрсетіледі. Сабақтар әр баланың даму ерекшелігіне қарай ұйымдастырылады. Мамандар балалардың сөйлеу, қимыл-қозғалыс және қарым-қатынас дағдыларын дамытып, өз бетінше әрекет етуіне көмектеседі. Оқу үдерісіне ата-аналар да қатысып, берілген жаттығуларды үй жағдайында қайталайды.
Мамандар жұмысының нәтижесі балалардың дамуындағы өзгерістерден көрінеді. Мәселен, логопед маманы Назира Наурызбаеваның айтуынша, Мұхаммед есімді бала түзету кабинетіне сөйлемейтін, тек ым-ишара арқылы қарым-қатынас жасайтын күйде келген. Қазір оның сөздік қорында алғашқы жеңіл сөздер мен еліктеу сөздері пайда болған.
«Бүгінгі конференцияда өз тәжірибемізден Мұхаммед есімді баланың жағдайын таныстырдық. Ол кабинетке ОНР 1 қорытындысымен келген. Алғашында мүлдем сөйлемейтін, тек ым-ишарамен сөйлейтін. Қазір жеңіл сөздер мен еліктеу сөздері пайда болды. Баланың бастапқы жағдайын ескерсек, бұл – өте үлкен нәтиже», – деді «Алатау ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ логопед маманы Назира Наурызбаева.
Конференцияның басты мақсаты – мамандардың тәжірибесін біріктіріп, әр баланың әлеуетін ашуға және күнделікті өмірге бейімделуіне көмектесетін тиімді әдістерді дамыту.