Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиналғандарды алдағы Халықаралық волонтер күнімен құттықтады
Алматыда Қазақстан мен Ресей еріктілер ұйымдарының слеті өтті. Мақсаты – екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, волонтерлер қозғалысын дамыту бойынша тәжірибе алмасу, деп хабарлайды Almaty.tv.
Слет аясында еріктілер үшін танымдық дәрістер, семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Жиында мемлекет пен волонтерлік қауымдастық арасындағы серіктестіктің маңыздылығы айтылды. Алғаш болып сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиналғандарды алдағы Халықаралық волонтер күнімен құттықтады.
"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер қызметіне үлкен көңіл бөледі. Әсіресе, осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударады. Қазақстан мен Ресейдегі волонтерлер қозғалысы қуатты шығармашылық күшке айналып, мейірімді азаматтардың жұдырықтай жұмылуының жарқын үлгісіне, халықтар арасындағы байланыстарды нығайтатын, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал ететін қозғалысқа айналды деп сеніммен айта аламыз", – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Мемлекеттік органдар жыл сайын волонтерлер қауымдастығымен бірлесіп, 50-ден астам жобаны жүзеге асырып, бастамаларды іске асыру үшін 240 шағын грант береді. Бүгінде елімізде 240 мыңнан астам ерікті бар, 740-тан астам волонтерлік ұйым мен мыңнан астам бастамашыл топ жемісті жұмыс істеп келеді. Жиынға Ресей Федерациясы президентінің шетелдермен өңіраралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Антон Рыбаков қатысты. «Еріктілер - істің адамы» деген ол екі ел арасындағы бірлескен жобалар жемісін береді деген сенімде.
"Қазақстан волонтерлермен жұмыс істеуде үлкен тәжірибеге ие. Біз бұл бағытты толық қолдаймыз және бүгінгі кездесудің маңызын ерекше атап өткім келіп тұр. Келесі жылы Ресей мен Қазақстан еріктілерінің «Тату көршілік» атты толыққанды форумы өтеді. Волонтерлік идеяны насихаттау және волонтерлік қозғалысқа көбірек адам тарту қоғамды біріктіруге, дәстүрлі моральдық және рухани құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді", – деді РФ президентінің шетелдермен өңіраралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков.
Оқи отырыңыз: XVII Халықаралық "Еуразия" кинофестиваліне 22 туынды жолдама алды