Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот тергеуі қайта басталды
Сот өтінішхатты қанағаттандырып, іс материалдарын прокурорға жолдады
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс жаңа сипат алды. Соңғы нүктесі қойылуға шақ қалған іс бойынша сот тергеуі қайта басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін айыпталушы Сәуле Жұбаниязова соңғы сөзін айтуы керек болған. Алайда жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков сот тергеуін қайта бастау туралы өтініш түсірді.
Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған үйді пайдалануға қабылдауға қатысқан барлық тұлғаның әрекеттеріне құқықтық баға берілуі қажет. Себебі адам өліміне алып келген ғимараттағы ақаулардың түп-төркіні құрылыс сапасына барып тірелуі мүмкін.
Бұған қоса, адвокат Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі құрылыс салушы мен өзге де тұлғаларға қатысты бөлек қылмыстық іспен біріктіру мәселесін де көтерді.
Сот өтінішхатты қанағаттандырып, іс материалдарын прокурорға жолдады. Ал айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды.
– Бұл істі тек мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Сәуле Жұбаниязованың әрекеттеріне баға берумен шектеуге болмайды. Құрылыс-техникалық сараптама қорытындысында ғимараттың опырылуына бірнеше себептің, оның ішінде конструкциялық кемшіліктер мен құрылыс технологиясының бұзылуының ықпал етуі мүмкін екені көрсетілген. Сондықтан апатқа қатысы болуы мүмкін барлық тұлғалардың әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілуі қажет, – деді судья Меруерт Абаева.