Өрттен ешкім зардап шекпеген
Атырау қаласының маңындағы ауылда пошта ғимараты өртенді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт бүгін, 8 қазанда болған.
«Таңертеңгі сағат 09:12-де Атырау қаласы маңындағы Томарлы ауылында орналасқан «Қазпошта» АҚ-ның филиалынан шақырту түсті. Шақырту орнына құтқарушылар жедел жетіп, ғимараттың төбе жабындысының өртенгенін анықтады. Жалын сағат 09:39-да оқшауланып, сағат 09:47-де толық сөндірілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Өрттен ешкім зардап шекпеген. Пошта ғимаратындағы жалынды сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 15, апаттық медицина орталығынан 3 қызметкер, 1 техника тартылған.
Төтеншеліктер өрттің неден тұтанғаны туралы мәлімет берген жоқ. Жалынның салдарынан ауылдағы пошта ғимараты жарамсыз болып қалды.
Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда алаяқ риелторлар ұсталды