Азаматтарға елімізде болу талаптары мен мерзімін қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді
Атырау облысы Жылыой ауданында шамамен 30-ға жуық шетел азаматы ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ішкі істер министрлігінен хабарлағандай, Жылыой ауданының Теңіз қалашығында көші-қон қызметі қызметкерлері шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу заңдылығын тексеру мақсатында кешенді жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізді.
"Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібін бұзған 27 шетел азаматы ел аумағынан тысқары шығарылды.
Оларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар Жылыой аудандық сотына жолданды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында шетел азаматтары мен оларды қабылдаушы тұлғалар арасында түсіндіру-профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Азаматтарға елімізде болу талаптары мен мерзімдерін қатаң сақтау қажеттігі түсіндіріліп, заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тиісті шаралар қабылдануда.
Оқи отырыңыз: Алматыда композиттік газ баллондарын шығаратын жаңа зауыт салынып жатыр