Атырауда мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған баспаналардың сапасы сын көтермейді

Мұндағы 60 үйдің иесі 5 жыл бұрын жер мен баспана кезегінде тұрған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған баспаналардың сапасы сын көтермей тұр. Үйді алу үшін қыруар қаржы құйып, қарызға батқан қараша жұмысына салғырт қарағандардың жауапқа тартылуын талап етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болған көпбалалы ана Мөлдір Рысқалиеваның қуанышы көпке ұзамады. Өйткені, алған баспанасы небәрі бір жылдан соң сапасыз болып шыққан. Қабырғалары жарылып, есік-терезеден қыстай ызғар ұрған. Сыз тартқан үйде өмір сүру өте қиын. Қыруар ақша құйған әйел қақаған қыста қабат киініп, үй ішін жылытумен әлек. 

«Үйді 2020 жылы алдық. Өз күшімізбен әлі жөндеп келеміз. Құлауға дайын, 6 баламен шапқылап баратын жердің бәріне бардым», – деді Талғайран ауылының тұрғыны Мөлдір Рысқалиева.

Мөлдірдің күйін кешіп жүрген тұрғын көп. Мұндағы 60 үйдің иесі 5 жыл бұрын жер мен баспана кезегінде тұрған. Әкімдіктегілер ұсыныс жасаған соң, алғашқы жарнасын төлеп, қала іргесіндегі баспаналарды ипотекаға рәсімдеп алған. Сапасыз үйдің жамауы көп. Амалы таусылған жұрт ағайын-туыстың үйін жағалап жүр.

«Тұру мүмкін емес. Қабырғасы жарылып жатыр. Фундамент төменге түсіп кеткен. Барлық қарғын су бізге келеді. Сапасыз деген нәтиже шыққан», – деді Талғайран ауылының тұрғыны Алтын Демешова.

Бір-ақ жылда салынып біткен 60 үйдің құрылысына мемлекеттен 1 млрд 700 млн теңге жұмсалған. Мемлекеттік бағдарламаға қатынасқан 3 мердігер мекеменің ішінен біреуі ғана  қателігін мойындап, 24 үйдің тұрғынына өтемақы төлеуге келісіпті. Ал басқаларымен жұмысты жергілікті билік жүргізбек.

«Азиястрой» мекемесіне 14 нысан тиесілі. Талғайран-2 елдімекені бойынша Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Мердігер мекеменің директоры, өкілдерін бәрі шақырылды. Олармен де алдын ала келіссөздер жүргізілді. Бірақ олар кепілдік мезігілі өткеніне байланысты жауапкершіліктен қашып отыр. Мекеме банкрот болғаннан кейін ештеңе жасай алмайтынын алға алға тартып отыр», – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арнат Оңдасынов.

Осыған дейін шыдап жұрт енді мәселені жылы жауып қоймайтынын айтты. Олар тиісті қаражат қолға тимей тыным таппаймыз деп тарқасты.

Оқи отырыңыз: Батпаққа құлап қалды: Қаратөбе ауылындағы балалар мектепке бара алмай отыр

Новости партнеров