Атырауда өндірістік жарақат алған азамат зауыттан өтемақы талап етуде
Қазір ол екінші топтағы мүгедек
Атырауда вагон құрастыратын зауытта жұмыс барысында ауыр жарақат алған Мейрамбек Ғалымжан материалдық және моральдық шығынды өтеуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, кәсіпорын басшылығы бастапқыда барлық шығынды өтеп, көмек көрсететінін айтқанымен, бір жарым жылдан бері уәдесін орындамаған.
Мейрамбек Ғалымжан 2025 жылдың қаңтарында жұмыс кезінде вагонға қысылып қалған. Соның салдарынан бір қолы мен бір аяғынан айырылып, арбаға таңылған. Қазір ол екінші топтағы мүгедек.
Жәбірленушінің айтуынша, өндіріс аумағында қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Ол 17 вагон тұратын жерге 25 вагон қойылғанын, маршруттардың дұрыс жасалмағанын және қажетті қауіпсіздік шараларының жүргізілмегенін айтқан.
«Сол кезде компания басшылығы мықтап уәде берді. "Далаға лақтырмаймыз, көмектесеміз, қандай көмек керек болса, бәрін жасаймыз" деді. Бірақ әлі ешқандай көмек көрсетпеді. Протездерімді де өзім алып келемін. Тағдырым ойыншық па?» – деді Мейрамбек Ғалымжан.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Нұржанат Әбуованың айтуынша, сотта барлық қажетті дәлелдемелер ұсынылған. Оның сөзінше, бірінші сатыдағы сот жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз, ал Мейрамбек Ғалымжанның кінәсін 0 пайыз деп таныған. Алайда кәсіпорын бұл шешімге апелляциялық шағым түсірген.
«Барлық дәлелдемелерді сотқа зерттеу үшін ұсындық. Бірінші сатыдағы сотта жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз, ал сенім білдірушімнің кінәсі 0 пайыз деп шешім шығарылды. Екінші тарап өз құқықтарын пайдаланып, апелляциялық шағым келтірді. Қазір біз сол шағым бойынша әділдікті күтіп отырмыз», – деді қорғаушы.
Мәселеге қатысты кәсіпорын өкілдерінен түсініктеме алу үшін мекемеге барғанымызбен, басшылық ақпарат беруден бас тартты.
Ал еңбек инспекциясының мәліметінше, жазатайым оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізілген. Комиссия қорытындысында жұмысшының кінәсі 70 пайыз деп көрсетілген.
«Жазатайым оқиға бойынша 23 қаңтар, ақпан айларында арнайы комиссия құрылып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жұмыскердің кінәсі 70 пайыз деп қорытынды шығарылды. Алайда мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен бұл қорытынды бұзылып, жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз деп белгіленді», – деді Атырау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Кемел Иманғалиев.
Қазір тараптар арасындағы дау бойынша апелляциялық шағым қаралуын күтіп отыр. Мейрамбек Ғалымжан өзіне тиесілі өтемақыны өндіріп алу үшін соңына дейін күресетінін айтты.
Жұлдыз Қайратқызы, Almaty TV телеарнасы, Атыраудан.