Атыраудағы қамыс өрті екі күнде толық ауыздықталды

Қазіргі уақытта арнайы құрылған комиссия өрттің шығу себебін анықтап жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау іргесіндегі Каспий теңізі бағытындағы батпақты ашық аумақта қураған қамыс өртенді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Төтенше жағдай қызметкерлері жеткенше қызыл жалын 69 гектар аумақты шарпыған. Өртті сөндіруге 100-ге жуық техника жұмылдырылды.

Жалын шарпыған аумақтың жалпы көлемі 93 гектарға жеткен.

Мамандар өртті екі күннің ішінде әрең ауыздықтады. Себебі қатты жел тілсіз жауды сөндіру жұмыстарына кедергі келтірген.

Абырой болғанда, теңіз маңындағы елдімекендерге қауіп төнген жоқ.

Қазіргі уақытта арнайы құрылған комиссия өрттің шығу себебін анықтап жатыр.

«Хабар түскеннен кейін оқиға орнына "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерватының, Төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті құтқару қызметінің күштері мен техникасы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиға орнында 50 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Өртті сөндіруге қатты жел айтарлықтай қиындық туғызды.

Сонымен қатар бес трактор соқамен минералданған жолақ жүргізу жұмыстарын атқарды. Қазіргі таңда жағдай тұрақты», — деді ТЖД басқарма бастығының орынбасары Әбділдә Баекеев.

Оқи отырыңыз: Астанада жылу тарифі 20 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін