Сенатта агроөнеркәсіп пен су шаруашылығын цифрландыру мәселесі талқыланды
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені мен су шаруашылығында үлкен технологиялық бетбұрыс басталды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Сенатта өткен жиында жасанды интеллектің қуаңшылықтың алдын алуға және егіс көлемін арттыруға қосатын үлесі талқыланды. Сала мамандары мен министрлер цифрландыру арқылы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығарудың нақты жоспарларымен бөлісті.
Министрлер атап өткендей, алдағы уақытта шаруалардың жұмысын жеңілдететін бірегей цифрлық жобалар іске қосылмақ. Солардың бірі — «Е-АПК» экожүйесі.
«2026 жылғы негізгі міндет «Е-АПК» біріккен цифрлық экожүйесін қалыптастыру болып табылады. Оған саланың барлық ақпараттық жүйелерін біріктіріп, деректерді даталейкқа жинау және биай аналитиканы дамыту жоспарланған. Басты назар – қадағалауды кеңейтуге және жасанды интеллектті енгізуге аударылатын болады», – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Су шаруашылығында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде оңтүстік өңірлердегі 100-ден астам каналды автоматтандыру қолға алынған. Бұл тіршілік нәрін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Бұдан бөлек, 2026-2028 жылдарға арналған жоспарға сәйкес бұрын реконструкциядан өткен 270 каналды автоматтандыруды іске асырып жатырмыз. Сондай-ақ, қазіргі уақытта ирригациялық каналдарды реконструкциялау бойынша 264 жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде», – деп атап өтті ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Отандық технологиялар да өз жемісін беруде. Жетісай мен Шу аудандарында орнатылған автоматты жүйелер шаруаларға суды нақты уақыт режимінде бақылауға көмектесіп отыр.
«Қазіргі таңда шаруалар нақты уақытта өзінің қанша су алып жатқанын көріп отыр. Бірнеше жылдың мәліметтерінің арқасында біз ертең оны прогноз жасаймыз. Яғни, қанша су үнемдеді, қанша су алуға мүмкіндік бар деген сияқты болжамдар жасауға болады», – дейді компания директорының орынбасары Қуаныш Зікірбай.
Сенаторлар цифрландыру қарқынын әлі де үдету қажеттігін айтты. Жасанды интеллект — бұл тек болашақ емес, бүгінгі күннің тиімді құралы.
«Мысалы, су тапшылығын болжау, егіс өнімділігін модельдеу, мал ауруларының таралуын алдын ала анықтау – мұның барлығы жасанды интеллект арқылы жүзеге асырылатын маңызды бағыттар», – деп түйіндеді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев.
Былтырғы технологиялардың арқасында 874 миллион текше метр су үнемделген. Бұл цифрландырудың ауыл шаруашылығы үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер – балалар игілігіне: Шымкентте заманауи жатақхана ашылды