Бір зауыт, бір әулет: Жұматиновтердің 100 жылдық еңбек жолы
Тараздық Жұматиновтер әулетінің химия саласындағы жалпы еңбек өтілі 100 жылға жуықтайды
Таразда 100 жылдық еңбек өтілі бар әулет тұрады. Жұматиновтер отбасы - бір мамандықты ұрпақ сабақтастығына айналдырып, еңбек жолын бір өндірісте тоғыстырып келеді. Ата-анасы еңбек еткен зауытта балалары қызмет етіп жүр. Жамбылдағы химия өнеркәсібінде бүгінде 10 мыңға жуық адам еңбек етеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тараздық Жұматиновтер әулетінің химия саласындағы жалпы еңбек өтілі 100 жылға жуықтайды. Химиктер минералды тыңайтқыштар зауытында жұмыс істейді. Мәселен Кәмілхан Жұматинов зауытқа 1982 жылы орналасып, өмірінің 42 жылын зауытқа арнаған. Бүгінде Қазақстанның құрметті энергетигі атанып отыр.
"Еңбек жолым қызықты болды деп ойлаймын. Өйткені әрбір жаңашылдық бізге қызық етін. Мысалы бір келген станокты қойып соны адамдар игергенше сенде тыныштық болмайды. Игерілгеннен кейін сенде тыныштық болады да. Бір ләззат сезімде боласың.Балаларға айтарым, егер шешім қабылдап мен осындай болам десең сен содан қайтпа. Қайтпас адамға өзі келетін қайрат беріледі құдайдан. Сол қайраттың арқасында жететін межелеріңе жете бересің", - деді еңбек ардагері Кәмілхан Жұматинов.
Кәмілхан Жұматиновтің осы кәсіпорында болашақ жарын жолықтырып, отбасын құрған. Жұбайы да химия өндірісінде 30 жыл бойы еңбек етіпті. Бұл дәстүрді кейін балалары жалғастырды. Қызы Ләйлә компрессорлық бөлімде оператор болып еңбек етсе, ұлы Мерей энергиямен қамту цехында жұмыс істейді.
"Жұмыс өте ұнайды. Таңдағаныма қуаныштымын. Осы жерде жұмыс істеп жүргеніме. Ары қарай да жұмыс істей берем деген ойдамын. Кейін балаларым таңдайтын болса, тек қана қолдаймын және көмектесемін. Қолымнан келгенге көмектесіп үйретіп жіберемін қай жерде қалай болатынын", - деп айтты минералды тыңайтқыштар зауытының операторы Мерей Жұматинов.
Жалпы, өңірде жұмысшы мамандықтарға сұраныс артып келеді. Оған еңбек нарығындағы сұраныспен қатар, жастардың кәсіптік білім алуға деген қызығушылығы да әсер етуде. Биыл облыстағы колледждерге 4 жарым мың білім гранты бөлінген. Ал жыл басынан бері 31 мың тұрғын жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар 1085 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды.
"Оқыту курстары білім беру ұйымдарында, болмаса жұмыс берушілердің өздерінде тәжірибеден өте отырып, өздеріне қажетті білімдерін алып шығуға мүмкіндік беріп отыр. Осының нәтижесін олар да ары қарай тұрақты жұмысқа орналасуға зор мүмкіндіктері бар.43 мың мен 45 мыңның аралығында степендия қарастырылған", - деп атап өтті Жамбыл облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Серік Әлібеков.
Қысқа мерзімді курстарда азаматтар тігінші, аспаз, дәнекерлеуші сияқты сұранысқа ие мамандықтарды игере алады. Ал әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындарға өз кәсібін бастау үшін 1 миллион 700 мың теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай - Almaty TV телеарнасы - Тараз.
Оқи отырыңыз: «Жылдың 10 оқырманы» жобасының жеңімпаздарына 10 млн теңгеден беріледі