18 мамырда еліміздегі барлық музейлерге тегін кіруге болады
Жыл сайын 18 мамыр күні әлем бойынша Халықаралық музей күні атап өтіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл — әртүрлі мәдениет пен халықтар мұрасын қастерлеп, оны көпшілікке қолжетімді ететін музей мамандарының жыл сайын тойлайтын мерекесі.
Халықаралық музейлер күні 1978 жылы Халықаралық музейлер Кеңесінің ХІІ Бас Ассамблеясының шешімімен жарияланды. Жыл сайын 150-ден астам елде атап өтіледі.
Бұл күні музейде ашық есік күні өтеді, сол күні келушілер барлық көрме мен экспозицияны тамашалай алады. Қазақстанда 150-ге жуық музей бар, онда 10 мыңға жуық адам еңбек етеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, елімізде 18 мамырда «Музей түні – 2025» дәстүрлі акциясы өтеді. Акцияның аясында түрлі іс-шаралар, атап айтқанда, квест-сабақ, шеберлік сабақтары, концерттік бағдарламалар, қолөнершілердің жәрмеңкелері ұйымдастырылады.
Осы күні еліміздегі барлық музейлерге кіру тегін болады.
Айта кетсек, Алматы қаласында орналасқан Орталық мемлекеттік музейде Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына, сондай-ақ Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың шығармашылығына арналған көрмелер мен іс-шаралар ұйымдастырады.
Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының батырлары Мәншүк Мәметова мен Боран Нысанбаев мемориалдық музейлерінің қатысуымен «Музейлер шеруі» өтеді. Кештің ең көрнекті экспозициясы — «Жауһар жәдігерлер» атты көрме болмақ. Онда бұған дейін жұртшылық назарына ұсынылмаған сирек жәдігерлер көрсетіледі.
Кеште Мемлекеттік бірегей ішекті музыкалық аспаптар қорындағы сирек аспаптарда орындалатын классикалық музыкалық концерт ұйымдастырылады. Сонымен қатар, реставрация бойынша шеберлік сабақтары, ғылыми интерактивтер, музей квестері, балалар мен жасөспірімдерге арналған ойындар мен викториналар өтеді.
Ал Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі қонақтарға музыкалық және би қойылымдарын, авторлық экскурсиялар, дәрістер және басқа да қызықты іс-шаралар ұсынады.
Музейде «Мәңгілік мұра – уақытпен үндескен өнер» көрмесі және «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері» каталогының тұсаукесері өтеді. Балалар мен жасөспірімдер үшін «Өнер агенті: кескіндер патшалығындағы құпия хабар» атты танымдық әрі интерактивті квест-ойын ұйымдастырылады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда "Музей түні" атты дәстүрлі акция басталады