Бурабай жаңа кейіпке енбек: курортта ауқымды конгресс орталығы салынады
Жоба «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады
Көкше өлкесіндегі ғажайып мекен Бурабай алдағы жылдары жаңа кейіпке енбек. Қазақстанның Швейцариясы атанып кеткен өлкеде бизнес, туризм және өңірдің мәдени өміріне тың серпін беретін ауқымды кешен бой көтереді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақмола облысының інжу-маржаны саналатын Бурабай – қарағайлы орманы мен мөлдір көлдері, асқақ тауларымен талайды тамсандырған көрікті мекен. Жыл сайын мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған турист келіп, табиғат аясында тынығады. Енді шипажайлы өлке туристік әлеуетін жаңа бағытта дамытпақ. Мұнда халықаралық форумдар, ірі конференциялар мен мәдени іс-шаралар өтетін заманауи конгресс орталық бой көтереді. Бұл жоба курорттың тек жазғы демалыс орны емес, жыл он екі ай бойы қайнаған тіршіліктің орталығына айналуына мүмкіндік бермек.
«Нысан туристерді жыл он екі ай бойы тартуға мүмкіндік беретін негізгі орталықтардың бірі болады. Өздеріңіз білесіздер, туристердің 80 пайызы Бурабайға жаз мезгілінде келеді. Ал қыста курорттағы тіршілік бәсеңдейді. Соның салдарынан кәсіпкерлердің жұмысы да маусымға тәуелді. Жаңа орталық шағын және орта бизнестің жыл бойы дамуына жол ашады», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Жаңа кешен тек туристерге арналмаған. Ол жергілікті тұрғындар үшін де қолжетімді болады. Мәселен, мың көрерменге арналған концерт залы, 160 орындық конференц-зал, мультимедиалық технологиялармен жабдықталған көрме алаңдары және 100 орындық дәмхана ашылады. Балалар мен жастар үшін шығармашылық шеберханалар, цифрлық контент және қолданбалы өнер студиялары жұмыс істейді. Жалпы, орталықтың шығармашылық кеңістіктері 2,5 мыңға жуық адамды қамтиды. Жобаның тағы бір ерекшелігі – еліміздің әр өңірінен жиналған жәдігерлер қойылатын цифрлық музей.
«Нысанның жалпы аумағы шамамен 13 мың шаршы метрді құрайды. Концерт залы мың адамға шақталған. Қазір іргетасын қалау жұмыстары басталып жатыр. Жоба шамамен 10 жыл бойы әзірленді. Биыл құрылысын бастап, жақын уақытта аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді мердігер ұйымның өкілі қайсар қадірбеков
Жаңа конгресс орталық Бурабайға заманауи инфрақұрылым ғана емес, жаңа жұмыс орындарын да әкеледі. Құрылыс кезінде 300-ге дейін адам жұмыспен қамтылмақ. Ал кешен пайдалануға берілген соң, мұнда 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұдан жергілікті кәсіпкерлер, қонақүй иелері мен қызмет көрсету саласының өкілдері де пайда көрмек.
Диана Тұрлыбек, Карина Негметова, Рамиль Дусумов, Ақмола облысынан
Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: Жас қанат шағынауданында сквер ашылды