Елімізде дәрі-дәрмек шығаратын төрт зауыт салынатын болды
Елімізде дәрі-дәрмек шығаратын төрт зауыт салынатын болды. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін Үкімет бірқатар компаниялармен келісімге келіп, 173 миллиард теңге инвестиция тартпақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бой көтеретін кәсіпорындарда әлеуметтік маңызы бар дәрілерді қоса алғанда 356 препарат шығарылады. Олардың ішінде онкологиялық аурулар мен қант диабетіне, сондай-ақ иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, антианемиялық, ауырсынуды басатын, қабынуға, суық тиюге және микробтарға қарсы дәрі-дәрмек болады. Екі зауыт Алматы қаласында бой көтерсе, қалған екеуі Түркістан және Алматы облыстарында орналасады.
«Инвестициялардың жиынтық көлемі 173 миллиард теңгені құрайды. Шамамен 675 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Халықаралық тиісті өндірістік практика стандартына сәйкес, 356 дәрілік зат атауын өндіруді жергіліктендіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жалпы көлемде 72 әлеуметтік маңызы бар препараттарды шығару жоспарланғанын ерекше атап өткен жөн», – деді ҚР ДСМ Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры Аслан Қинаятов.
Алматының арнайы экономикалық аймағында салынатын зауытқа 58,5 миллиард теңге инвестиция тартылады. Кәсіпорында дәрінің 54 түрі өндіріледі. Оның отыз бесі әлеуметтік маңызы бар препараттар болмақ. Жоба аясында 60 жұмыс орны ашылады. Шаһарда бой көтеретін екінші өндіріс кешеніне 40 миллиард теңгеге жуық қаржы тартылады. Дәрі-дәрмектің 53 түрі өндірілетін зауытта 200 адам жұмыс істемек. Ал Алматы облысындағы жобаның құны 39 миллиард теңге болса, Түркістандағы құрылысқа 36,7 миллиард теңге қаражат салынады.
«Жобаларды іске асыру қазақстандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін едәуір арттыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және халықты қолжетімді әрі сапалы дәрілік препараттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Аслан Қинаятов.
Оқи отырыңыз: ДСМ медициналық ұйымдарды жоспарлы түрде тексеруді қайта бастайды