Қазақстанда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорғауға бағытталған жаңа заң Сенатқа жіберілді
Қазақстанда дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорғайтын заң қабылданды. Алайда кей депутаттар құжатқа қарсылық білдірді. Арсында қалыс қалғандары бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерінің құқығын қорғайтын заңды Мәжіліс мінберіне алып келген Асхат Аймағамбетов кей депутаттың қарсылығына қарамастан құжатты Сенатқа өткізіп жіберді. Енді медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасағандар қылмыстық кодекспен қудаланады. Құжатқа әу бастан қарсы шыққан Абзал Құспан бұл жола да ойын өзгертпеген. Депутат бірінші оқылымда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушісін қорғау үшін Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуге қарсылық білдірген. Сондықтан ол құжаттың бастапқы редакциясын қолдамайтынын жеткізген болатын. Бүгін де заңға қарсы дауыс берді. Мәжілісмен заңды шикі деп кесіп айтты.
«Қылмыстық кодекстің структурасы бұзылғаны былай тұрсын, ертең практикада неге әкеліп соғатынын айтып отырмын. Тіс емдеуге барып, 3 жастағы қыз қайтыс болды ма? Қайтыс болды. Жағдай келесі жылы қайталанса, стоматологиялық клиниканың басшылары өзін қорғау үшін бірінші арыз жазады. Денсаулығынан айрылып жатқан адамдар істі болып жүреді. Ол – келесі жылы басталатын процесс», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.
Абзал Құспан Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер әлеуметтік жағдайды шиеленістіреді деп отыр. Алдағы уақытта бұл баптан бас тартып немесе қайта өзгеріс енгізуіміз мүмкін деп болжайды. Дәрігер мен науқастың арасындағы даудан қылмыстың саны сөзсіз көбейіп, тергеушілер мен сот органдарына ауыртпалық та күшеймек. Ал құжатты Мәжіліске таныстырып жүрген депутат Асхат Аймағамбетов әріптесінің бұл пікірімен келіспейді.
«Қорқытатын болса, бас бостандығынан айырады» деген сияқты түрлі алып қашпа сөздер бар. Оның барлығы шындыққа жанаспайды. Біріншіден, тергеуші ол мәселені қарап анықтайды. «Үлкен кісі келіп ашуланып, сөз айтатын болса, жағдайды сотқа дейін жеткізіп, сот қатал шешім қабылдайды» деп айтуға болмайды. Өйткені 115-бап бар. Онда қорқыту бойынша норма бар. Норма бойынша 100-деген адамды жауапкершілікке тартып жатыр ма? Жоқ. Сондықтан бұл сөздер шындыққа жанаспайды. Оны жай ғана бір эмоциямен айтылған сөздер деп айтуға болады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Бірінші оқылымда құжатқа дауыс беру кезінде өзгерістермен келіспеген 18 депутат қалыс қалған. Мәжілісмендердің пікірі ескеріліп, баптың бастапқы нұсқасы өзгертіліпті. Алдымен, қорқыту мен зорлық-зомбылық ұғымы ажыратылған. Одан кейін, ақ халаттыларды қорқытқандарды қоғамдық жұмысқа жегу уақыты 600 сағатттан 300 сағатқа азайтылған. Сондай-ақ бас бостандығынан айыру, шектеу жазасы бастапқыда 3 жыл болса түзетілген нұсқада 2 жыл деп жазылған. Ал медицина қызметкеріне зорлық-зомбылық жасап, өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндердің жазасы өзгеріссіз қалды. Олар 12 жылға темір торға қамалады.
Мәжілісмендер арасында дау тудырған құжат бүгін екінші оқылымда қабылданды. Отырысқа қатысқан 95 депутаттың 82-сі жақтап дауыс берсе, жетеуі қалыс қалған. Ал алтауы тіпті қарсы шықты. Заң жобасы Сенатқа жолданды. Егер жоғары палата Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді қолдайтын болса, соңғы шешім Президентте болады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Қазақстандық студент халықаралық білім сайысында алтын медаль жеңіп алды