Дауыл салдары: Қонаевта бірнеше шағынаудан жарықсыз отыр

Қалада коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қатты жел Қонаев қаласының астан-кестеңін шығарды. Дүлей дауыл үйлердің шатырын ұшырып, электр сымдарын үзген. Бірнеше шағынаудан жарықсыз, жылусыз қалды. Оқушылар қашықтан оқуға көшірілсе, тұрғындарға себепсіз далаға шықпауға кеңес берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облысы Қонаев қаласындағы дауылдан ең қатты зардап шеккен бірінші шағынаудандағы сегізінші үй. Қатты жел үш жыл бұрын ғана жөндеуден өткен үйдің шатырын түгелдей ұшырып әкеткен. Салдарынан электр сымдары үзіліп, газ құбырлары бүлінген. Бір тәулікке жуық уақыт өтсе де коммуналыдық қызметкерлер әлі қалдықтарды жинап әлек.

 «Сағат 02:00 кезінде заттардың құлап жатқанын естіп, екі кішкентайымды бауырыма қыстым да, жатып қалдым. Өйткені ұшып жатыр ғой бәрі. Терезеден көрдім. Материалдарының сапасыздығынан, жұмыстың дұрыс жасалмағандығынан шығар», – деді Қонаев қаласының тұрғыны Шолпан Әділшина.

«Көршілер бір-біріне айтып, әйтеуір түннен шықтық. Таңға жақын бір-ақ көтеріп тастады. Алдында арғы басы кеткен, одан кейін селкілдеп тұрды», – деді Қонаев қаласының тұрғыны Біржан Торсықбаев.

Ұшқан шатыр мен құлаған тал-терек электр сымдарын үзіп, көлікті зақымдаған. Бірнеше шағынаудан жарықсыз, жылусыз қалды. Ауа райының күрт құбылуына байланысты 1 мен 11 сынып оқушылары қашықтан оқуға көшті. Қала билігі тұрғындарды аса сақ болуға шақыруда.

«Желдің салдарынан бірқатар тұрғын үйлердің шатырлары ұшты. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары басталды. Келтірілген шығындар төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесе есептеледі», – деді Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақерке Жұмағазықызы.

Қазір қалада коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әкімдік өкілдері зардап шеккендерге заң аясында көмек көрсетілетінін айтты. Сондықтан барлық жағдай бойынша 109 қызметіне хабарласуды сұрайды.

Асыл Махметов, Жақсылық Тілепберген, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Топырақ көшкіні: Бесағаш ауылында бірнеше отбасы қауіпсіз жерге көшірілді

Новости партнеров