DeepBAS: Алматыда су ресурстарын басқаруға арналған жасанды интеллект жүйесі таныстырылды

Қазақстан мен Қытай ғалымдары су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жолдарын талқылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Қазақстан мен Қытай ғалымдары су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа жолдарын талқылады. Халықаралық кездесуде су ресурстарын басқаруға арналған DeepBAS жасанды интеллект жүйесі таныстырылып, оны біздің елдің жағдайына бейімдеу мәселесі сөз болды. Мамандардың айтуынша, бұл жоба су қорын дәлірек болжауға, тасқын мен тапшылық тәуекелін төмендетуге және су шаруашылығы саласындағы шешім қабылдау үдерісін цифрландыруға жол ашады.

Бұрын су қорын бағалау мен болжау көбіне дәстүрлі есепке, шашыраңқы мәліметке тәуелді болса, енді бұл процеске жасанды интеллект қосылмақ. Яғни жүйе ауа райы, су қоры, климаттық өзгеріс пен тұтыну динамикасын қатар саралап, ықтимал қауіптерді алдын ала болжауға көмектеседі. Мамандар мұны су саласындағы шешім қабылдаудың жаңа кезеңі деп бағалайды.

«Су тапшылығы. Бұл - әрине үлкен проблема. Су тапшылығының проблемасы бірнеше фактордан тұрады. Ең бірінші ол климаттық факторлар. Яғни судың жинақталу көлемі әртүрлі болып жатыр. Табиғат климаттың өзгеруіне байланысты. Сәйкесінше, жасанды интеллект технологиялары сол климатты алдын ала болжауға мүмкіндік береді», — деді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің оқытушысы Фараби Ермеков.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның су жүйесі қазір бірнеше ірі сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Тянь-Шань өңіріндегі мұздықтардың едәуір бөлігі азайған. Ал елдегі су ресурстарының 44 пайыздан астамы сырттан келетіндіктен, бұл саладағы тәуекел де күшейе түскен көрінеді. Ирригациялық арналардың едәуір бөлігі әлі күнге дейін толық цифрлық бақылауға алынбаған. Сондықтан бүгінде су саласында нақты дерекке сүйеніп, мәселені жедел анықтап, тез шешім қабылдай алатын технологияларға сұраныс артып отыр. Осындай жобалардың бірімен жиынға жас өнертапқыштар да келді.

«Менің жобам aryk.ai деп аталады. Ол қаладағы арықтардың бітелуі мен су басу мәселесін шешуге бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты — Telegram-бот құрып, қала тұрғындарына арыққа қатысты кез келген мәселе бойынша коммуналдық қызметтерге тікелей хабарласуға мүмкіндік беру. Өтініштер біртұтас дерекқорға жинақталып, жауапты мекемелер оларды жедел, тиімді әрі уақытылы қарап, мәселені жоспар бойынша емес, нақты жағдайға қарай шеше алады», — деді жас өнертапқыш Әмір Әлниязов.

Басқосуда ғылыми жоба ғана емес, технологиялық трансфер мәселесі де көтерілді. Су мониторингіне арналған мобильді кешендер, цифрлық платформалар және «судың цифрлық егізі» жүйесі таныстырылды. Бұл — су қорын «аспан-ауа-жер» қағидаты бойынша кешенді бақылауға мүмкіндік беретін тәсіл. Мамандар мұндай шешімдер нақты есепке сүйенген тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға жол ашатынын айтты. Осы орайда қытайлық делегация өкілдері жобаның технологиялық мүмкіндігіне толығырақ тоқталды.

«DeepBAS моделін су ресурстарын басқару жүйесіне енгізу арқылы бұрын әртүрлі дереккөздерде бөлек сақталған мәліметтер мен көрсеткіштердің барлығын бір орталыққа жинап, сол негізде нақты шешім қабылдауға мүмкіндік бар. Бұл —жасанды интеллектіге негізделген, деректерді талдап, алдын ала болжам жасап, басқару процесін ғылыми тұрғыда жетілдіретін заманауи модель», — деді Қытай делегациясының өкілі Ваңжыңкай

Кездесуде тараптар бірлескен зерттеулерді жалғастырып, су ресурстарын басқаруға арналған инновациялық шешімдерді дамытуға уағдаласты. Жоба жүзеге асса, Қазақстанда су қорын есептеу, болжау және бөлу тетігі жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін. Сарапшылар мұндай бастамалар жасанды интеллектіні ғылыммен, біліммен және нақты өндіріспен сабақтастырып, елдің технологиялық мүмкіндігін күшейтуге ықпал ететінін алға тартты.

Айжан Дайрабай, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Су үнемдеген шаруаларға субсидия 80 пайызға дейін артады

 

Новости партнеров