Саясаттанушылар мен ғалымдар қоғамдық диалог пен Әділетті Қазақстан бағытын талқылады
Алматы қаласында Философия, саясаттану және дінтану институтының базасында «Құрылтай сайлауы - Әділетті Қазақстанды жүзеге асырудың жаңа кезеңі» тақырыбында сарапшылық отырыс өтті. Іс-шара барысында мегаполистің сарапшылары қала тұрғындарын Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Іс-шара алдағы Құрылтай сайлауының қоғамдық-саяси маңызын, оның елдің саяси жүйесін одан әрі жетілдірудегі, қоғамдық диалогты нығайтудағы және Әділетті Қазақстанды құру бағытын іске асырудағы рөлін талқылауға арналған пікір алмасу алаңына айналды.
Іс-шараға қатысушыларға Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова құттықтау сөз сөйледі. Сарапшылық отырысты Институттың Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әмірбаев жүргізді.
Талқылауға «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Асқар Шоманов, «Еуразия әлемі» ақпараттық-талдау журналының президенті әрі бас редакторы Эдуард Полетаев, тәуелсіз саясаттанушы Асқар Нұрша, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Құрылтай институтын одан әрі дамыту, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуының өзекті үрдістері талқыланды.
Қатысушылар дауыс беру үдерісіндегі азаматтардың электоралдық белсенділігі мәселесіне ерекше назар аударды. Белсенді азаматтық ұстаным мен сайлау құқығын жүзеге асыру ашық әрі әділетті қоғам қалыптастыруға қосылатын маңызды үлес екені атап өтілді.
Сарапшылар мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдау үдерісінде қоғамдық қатысудың маңызды рөлін талқылады.
Спикерлер өз сөздерінде елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар ашықтық, есеп берушілік және мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы сындарлы өзара іс-қимыл қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, Құрылтай сайлауы қоғамдық өкілдік жүйесін институционалдық тұрғыдан одан әрі дамытудағы маңызды кезең екені, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, жалпыұлттық диалогты нығайтуға ықпал ететіні айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар қоғамдық қатысу институттарын дамытуға, қоғамдық келісімді нығайтуға және «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын дәйекті іске асыруға бағытталған саяси реформаларды одан әрі сарапшылық тұрғыдан сүйемелдеудің маңыздылығын растады.