Елде 2 миллионға жуық адам жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырса, мыңнан астам тұрғын тұмауратыпты
Елде эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, тұмау 15 пайыз төмендеп, бәсеңдей бастаған. Қазір өңірлердегі ауруханаларда төсек-орын шамамен 60 пайыз толған. Министр «көрсеткіштер оңалып, денсаулық сақтау жүйесі жүктемеге төтеп беріп жатыр» дейді.
Айта кетейік, тұмау маусымы басталғалы бері елде 2 миллионға жуық адам жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырса, мыңнан астам тұрғын тұмауратыпты.
«Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қабылдаған шаралар нәтиже беріп жатыр. Тұмау 15 пайыз азайып келеді. Негізінде өңірлер бойынша ауруханадағы төсек-орындарымен қамту көрсеткіші шамамен 60 пайызды құрайды деген сөз. Біз ахуалды мұқият бақылап отырмыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстанда 16 мектепте 37 сынып қашықтан оқытуға ауыстырылды