Электрсамокаттар көлік санатына енгізіледі

Алматыда 22 мыңнан астам электрсамокаты тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала көшелерінде зырғып жүрген электрсамокаттар бұрынғыдай еркін қозғала алмайды. Себебі бұл құрылғылар ресми түрде көлік санатына енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Руслан Ысқақов – Алматы қаласының тұрғыны. Күнделікті жұмыс орнына жаяу баруды ұнатады. Осыдан тура екі ай бұрын оны самокат тізгіндеген екі жасөспірім қағып кеткен. Оның айтуынша, көлік құралын басқарғандар 18 жасқа толмаған.  Жарақат алып, бір апта шамасында ауруханада ем қабылдапты.

 «Жасөспірімдерге ескерту жасау керек деп ойлаймын. Шектеу қою керек.  Самокатты кез келген жерге тастап кетеді. Кез келген жерде шашылып жатады.Қаланың көрінісіне әсер етеді», – деді қала тұрғыны Руслан Ысқақов.

Руслан секілді электрсамокаттың салдарынан жарақат алғандардың қауіпсіздігін күшейту үшін елімізде жаңа талаптар күшіне енбек. Енді жалға берілетін құрылғылар ресми түрде көлік құралына теңестіріледі. Бұл – арнайы сақтандыру рәсімдеп, тіркеу нөмірін тағуы тиіс деген сөз. Сонымен қатар тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана самокатпен жолдың жүріс бөлігіне шығуға құқылы болады.

«Менің пікірімше самокаттарды қаланың кез келген көшелерінен алып тастау керек. Өйткені соның негізінде жарақат алып, жол апатына ұшырап жатыр. Самокатты тізгіндеу мәдениеті жоқ», – деді қала тұрғыны Ерлан Тұрғынбаев.

«Кептеліс кезінде веложолақпен жүріп, үйге 10-15 минутта жетем. Негізі ережелерді сақтап, жай жылдамдықпен жүру керек», – деді қала тұрғыны Бағдәулет Жандосұлы.

Айта кетейік, қалалық мобилділік басқармасының дерегінше, Алматыда 22 мыңнан астам электрсамокаты тіркелген. Биыл осы шағын көлік құралдарының қатысуымен 377 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай, соның бірінде адам көз жұмған.

«Жаңа заңға толықтырулар мен өзгертулер аясында электросамокат тізгіндейтін азаматтарға жауапкершілік және міндет жүктелетін болады. Бұл қандай бап болатыны әлі белгісіз. Міндетті түрде заң күшіне енгеннен кейін, норма іске асатын болады», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Биыл сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралдарының қатарына ресми енгізіліп, заңнамалық түзетулер өз күшіне енген. Енді сол тәртіп пен талап электрсамокаттарға да жетті. Алайда қала көшелерінде тамақ жеткізушілер электрлі велосипедке ауыса бастаған.

Мәди Мәлік,  Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Биыл Алматы облысында жол апатынан 166 адам қаза тапты

Новости партнеров