Мамандар қазақстандықтардың ваучерлік жүйемен жұмысқа орналаса алатынын айтты
Елімізде жастардың дені өз мамандығымен жұмыс істемейді. Яғни, жоғары оқу орнын тәмамдаған, қолында дипломы бар отандастарымыз біліміне сай жұмысқа орналаса алмайды. Орналасқан күннің өзінде жалақы аз немесе жұмыс берушілер «тәжірибе керек» деп шығарып салатын көрінеді. НeadHunter Kazakhstan ақпараттық порталының мәліметінше, бүгінде түлектердің 67 пайызы жұмыссыз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылық Әлия Сатбаева бала күнінен медбике болуды армандаған. Өзі қалаған оқу орнына түсіп, медициналық колледжді тәмамдаған. Алайда мамандығымен жұмыс істемейді. Оған жалақының аздығы мен тәжірибенің жоқтығы себеп. Сондықтан жас маман қаладағы автосалондардың біріне оператор болып орналасқан. Сөзінше, диплом сұрамайды, 5-6 жылдық еңбек өтілі талап етілмейді. Тіпті жалақы да жаман емес.
«Медбике болуды армандадым. Жалақы аз,200 мың теңгеге жетпейді. 12 сағат жұмыс істеп, түнгі аусымда қалсам, жалақы дұрыс болады деп ойлағам. Тәжірибе керек, жұмысқа алмайды», – деді қала тұрғыны Әлия Сатбаева.
Жас маманның бұл пікірін әлеуметтанушы Гүлмира Сейтбатталқызы да растайды. Сарапшы елімізде жастардың жұмысқа орналасуы оңай емес екенін айтты. Бірақ оған жалақы мен тәжірибеден бөлек, түлектердің жоғары оқу орнына тек грант үшін түсуі себеп болатын көрінеді.
«Көп жастарымыз қаламаған оқу орынын бітіріп алады да, сол мамандық бойынша жұмыс жасағысы келмейді. Оқу орындары мен жұмыс берушілердің арасында тығыз байланыс болуы керек. Оқу орындарымен тәжірибелік бағыттамаларды бірге ұйымдастырып отырып, қандай мамандық жетіспейді сол мамандыққа грантты көп бөліп, Үкімет тарапынан көңіл бөлсе, жұмыссыз жастар болмайды», – деді әлеуметтанушы Гүлмира Сейтбатталқызы.
Ал қаладағы еңбек мобильділігі орталықтары аталған мәселемен күрес мақсатында қарқынды жұмыс істеп жатыр. Мәселен, былтыр 5 мыңға жуық жас, биыл 3 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Оның 700-ден астамы жастар практикасы бойынша орналасқан.
«Оқуды аяқтағаннан кейін өз мамандығы бойынша кем дегенде 12 айға ақылы түрде, жалақысы төленіп отырады әрі тәжірбие ала алады. Қазіргі оқу бітіріп жатқан түлектер еңбек демалысынан шықты. Оқуға түсетіндер оқуға түсті. Еңбек нарығында жұмыс істеп жүрген жастар болса, Алматы қаласындағы мансап орталығына жүгінуге кеңес беремін», – деді Еңбек мобильділігі орталығының директоры Әділет Жаныбаев.
Мамандар қазақстандықтардың ваучерлік жүйемен жұмысқа орналаса алатынын айтты. Мәселен азамат аспаз мамандығына қызығады, бірақ, арнайы дипломы жоқ. Сәйкесінше, ол бұл мамандықпен ресми түрде нан таба алмайды. Сондықтан тұрғындарға өз қаласындағы біліктілік орталықтарына барып, курстан өтіп, сертификат алуға мүмкіндік жасалған. Демек, бұл тәмамдаған мамандығы бойынша қызмет еткісі келмейтін, алайда, өзге салаға қызығушылығы бар жандардың ресми түрде жұмысқа орналасуына сеп болады.
Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: Әуезов ауданында жоба қалай іске асырылып жатыр