Сәтбаев университетінде Халықаралық қарттар күні қарсаңында «Ақсақалдар алқасының» мүшелерімен кездесу өтт
Ұзақ жылдар бойы еңбектен қол үзбей, білім мен ғылымға қызмет етіп келе жатқан аға буын өкілдерінің өмір салты да көпке өнеге
Адамның ғұмыр жолының мәні оның қанша жыл өмір сүргенімен ғана емес, артында қалдырған өнегесімен, кейінгі ұрпаққа берген білімімен, ел мен қоғамға сіңірген еңбегімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, білім мен ғылымның қарашаңырағы – Сәтбаев университетінде еңбек еткен аға буын өкілдерінің өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық тағылымға толы, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халықаралық қарттар күні қарсаңында Сәтбаев университетінде ардагер ұстаздар мен «Ақсақалдар алқасының» мүшелеріне құрмет көрсетіліп, тағылымды кездесу ұйымдастырылды. Жүздесуге университеттің ардагер профессорлары, оқытушылары мен білім ордасының қалыптасуына еңбек сіңірген аға буын өкілдері қатысты.
Кездесуде университет ректоры Мейрам Бегентаев ақсақалдар мен ардагер ұстаздарға ризашылығын білдіріп, олардың оқу орнының қалыптасуы мен ғылым-білім саласының дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Қазақта «Қарты бар елдің – қазынасы бар» - дейді. Бұл сөздің мәні өте терең. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, көргендеріңіз бен түйгендеріңіз кейінгі ұрпақ үшін үлкен мектеп. Бүгінде көпшілігіңіз зейнетте болсаңыздар да, университетпен байланыстарыңызды үзбей, оның бүгінгі өміріне қызығушылық танытып, ақыл-кеңестеріңізді айтып келесіздер. Бұл біз үшін өте қымбат. Сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз бізге әрдайым қажет», – деді Мейрам Бегентаев.
Ректор өз сөзінде университеттің бүгінгі жетістіктері мен даму бағыттарына тоқталып, аға буынның тәжірибесі мен ақыл-кеңесі білім ордасы үшін қашанда маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, университет бүгінде ғылым мен өндірістің байланысын нығайтуға, жаңа технологияларды дамытуға және жастарға заманауи білім беруге басымдық беріп келеді.
Кездесу барысында «Ақсақалдар алқасының» жаңа мүшесі – профессор Медетхан Расылханұлы да таныстырылып, оған ақсақалдар қауымына қосылғаны үшін жылы лебіз білдірілді. Сонымен бірге университеттің дамуына елеулі үлес қосқан, ортамыздан өткен профессорлар А.Ашимов пен Ш.Тельковтың жарқын бейнесі еске алынды. Олардың ғылымға, білімге және университеттің қалыптасуына сіңірген еңбегі кейінгі буын жадында сақталатыны айтылды.
Сәтбаев университетінде аға буын мен кейінгі ұрпақ арасындағы сабақтастықты жалғастыруға ерекше мән беріледі. Мұнда жетпіс, сексен, тіпті тоқсан жастан асқан ардагер ұстаздардың әлі де аудиторияға кіріп, білім алушыларға дәріс оқып, мол тәжірибесін жастармен бөлісіп жүргені – соның айқын көрінісі.
Ұстаздық ғұмырын ғылым мен білімге арнаған ардагерлердің әрбір сабағы студенттерге кәсіби білім берумен қатар, еңбекқорлыққа, ізденіске, уақытты бағалауға және өмірге жауапкершілікпен қарауға баулиды. Олардың сергектігі мен жігері, шәкіртке деген ықыласы, елге деген адалдығы - жас ұрпаққа берілетін үлкен тәрбие.
Ұзақ жылдар бойы еңбектен қол үзбей, білім мен ғылымға қызмет етіп келе жатқан аға буын өкілдерінің өмір салты да көпке өнеге. Белсенді қозғалыс, спортпен айналысу, үнемі іздену, адамдармен араласу және өмірге деген қызығушылық – олардың сергектігін сақтап, қоғамдық өмірден тыс қалмауына мүмкіндік беріп отыр. Сексенге, тоқсанға келген шағында да дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздар – ұзақ өмір сүрудің ғана емес, ұзақ жылдар бойы қоғамға пайдалы болудың үлгісін көрсетіп келеді.
Осындай тағылымды дәстүрдің жалғасы ретінде университетте «Ақсақалдар алқасының» орны айрықша. Бұл оқу орнының өткені мен бүгінін жалғап, ел мен университеттің қалыптасу жолын жақсы білетін, өмірлік тәжірибесі мол ардагерлердің басын қосатын тағылымды орта.
Бұл ретте «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Ұлықпан Есілханұлының да еңбегі ерекше аталып өтті. Кездесуде оған Ақсақалдар алқасының ардагерлерін үнемі бір ортаға жинап, олардың хал-жағдайын сұрап, пікірлерін тыңдап, аға буын өкілдеріне үнемі көңіл бөліп, қамқорлық танытып жүргені үшін айрықша алғыс білдірілді. Ардагерлердің басын қосып, олардың университетпен байланысын үзбей, өзара сыйластық пен рухани сабақтастықты нығайтуға үлес қосып жүрген Ұлықпан Есілханұлының бұл еңбегі үлкен құрметке лайық екені айтылды.
Әрбір айтулы күнде университет басшылығы ақсақалдармен кездесіп, олардың пікірін тыңдап, өткенді еске алып, бүгінгі жетістіктер мен алдағы мақсаттар жөнінде ой бөлісіп келеді. Мұндай кездесулерде аға буын өкілдері кезінде осы білім ордасында еңбек еткен ұстаздар туралы естеліктерін айтып, олардың адамдық болмысын, ұстаздық жолын, университеттің қалыптасуына қосқан үлесін еске алады.
Бір қарағанда, бұл естеліктер өткен күннің шежіресі болып көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында үлкен тағылым жатыр. Өйткені бүгінгі жетістіктің негізінде кешегі буынның маңдай тері, табанды еңбегі мен адал қызметі бар.
Кездесу барысында университеттің қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында ақсақалдарға арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Ардагерлер оқу ордасындағы жаңа орталықтар мен заманауи нысандарды аралап, ғылым, білім және инновация бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Университеттің бүгінгі мүмкіндіктерін өз көздерімен көріп, жаңа жобалар мен бастамаларға қатысты пікірлерін білдірді.
Экскурсия соңында аға буын өкілдері Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші алдына жиналып, естелік суретке түсті. Бұл сәт өткен мен бүгіннің, ұстаз бен шәкірттің, аға буын мен кейінгі ұрпақтың сабақтастығын айшықтаған символдық көрініс болды.
Жүздесуде мерейтой иелеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Профессор Алексей Филиппович Цеховойдың – 85, профессор Вячеслав Алексеевич Завалейдің – 80, профессор Павел Георгиевич Есыревтің 80 жасқа толғаны атап өтіліп, мерейтой иелеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тілектері айтылды.
Аға буынға көрсетілген құрмет университет қабырғасымен ғана шектелмейді. Сәтбаев университетінің студенттері де қоғамдағы үлкендерге қамқорлық танытып, жалғыз тұратын қарт адамдардың жағдайын сұрап, қолдан келген көмектерін көрсетіп келеді. Бұл жастардың бойындағы адамгершілік, мейірім мен жауапкершіліктің көрінісі. Халқымыздың «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген тағылымды қағидасы осындай игі істер арқылы бүгінгі қоғамда өз жалғасын тауып келеді.
Өткенін ұмытпаған оқу орнының болашағы да баянды болмақ. Бүгінгі ұстаз бен кешегі ұстазды, бүгінгі студент пен бұрынғы шәкіртті жалғайтын осындай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, білім ордасының рухани құндылықтарын байыта түседі.
Сәтбаев университеті үшін үлкенге құрмет көрсету бір күндік шара емес, қалыптасқан дәстүр. Себебі университет қабырғасында тек кәсіби маман ғана қалыптаспайды. Мұнда елін сүйетін, үлкенді қадірлейтін, қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылатын азамат тәрбиеленеді.
Аға буынның өнегелі ғұмыры мен кейінгі ұрпақтың ізгі ниеті тоғысқан жерде өмірдің ең маңызды сабақтарының бірі – адамды құрметтеу, еңбекті бағалау және ұрпаққа жол көрсету дәстүрі жалғаса береді.
Халықаралық қарттар күні – елдің дамуына өз еңбегін сіңірген, талай белесті артқа тастаған аға буынға құрмет көрсететін айтулы мереке.
Оқи отырыңыз: Алматыда Халықаралық қарттар күніне арналған фестиваль өтті